11 сәуір 2024 жыл, “Ақ жол” демпартиясы Маңғыстау облыстық филиалы
"Ақ жолдық" Бейнеу аудандық мәслихат депутаты Райымбек Түзелов облыстық Маңғыстау телеарнасындағы тікелей эфирде "Сөздің қысқасы..." бағдарламасына қатысты.
Бағдарламаға облыстық, аудандық мәслихат депутаттары, денсаулық сақтау және білім саласының өкілдері, қоғам белсендісі мен атыраулық тұрғын қатысты.
Табиғи апат басталғалы Маңғыстау облысына 20 мыңға жуық атыраулық тұрғын келді. Облыс бойынша 153 орналастыру пункті жұмыс істеп жатыр.
Хабар спикерлері “Аймақ бойынша эвакуациялық пункттердегі ахаулы қалай”?, «Атыраулықтардың жағдайы тұрақты ма»?, «Біз көршіліс өңірден келген ағайынға қандай көмек көрсетіп жатырмыз»?, «Эвакуацияланған тұрғындардың ендігі талап-тілектері қандай»? – деген сұрақтарға жауап беріп, өз пікірлерімен бөлісті.
- “Бейнеу ауданына су тасқынынан зардап шеккен 18 мыңға жуық тұрғын келді. Қазіргі таңда ауданда эвакуациялық 31 пункт жұмыс істеп жатыр. Ауданға жан-жақтан 45 тоннаға жуық гуманитарлық көмек келді. Оның ішінде “Ақ жол” партиясы Маңғыстау облыстық филиалынан 2,5 тонна ұн және өзге де азық-түліктер келді. Бүгінде гуманитарлық көмектің 22 тонна қоры бар. Аудан әкімі, депутаттар, еріктілер, аудан тұрғындары екі аяқтан тік тұрып, жұмыс істеп жатыр”, - дейді депутат Райымбек Түзелов.