27
Наурыз

Биыл борышкерлер мәселесі шешіледі /Нұрлан Сүйін/ - Алматы акшамы (Алматы)

 
Ипотекалық тұрғын үй қарыздарын қайта қаржыландырудың негізгі талаптары мен тетігі айқындалды
Елімізде ипотекалық несие алып, ол бүгінде проблемалық несиеге айналған борышкерлердің үлкен бір тобы қалыптасты. Олар, негізінен, 2004 – 2009 жылдар­дағы экономикалық құрылыс дағдарысы тұсына тап болғандар. Борышкерлердің негізгі бөлігі оңтүстік астанада. Ипотека мәселесі бойынша түрлі қоғамдық ұйым құрып, қоғам талқысына шығарып жүрген белсенділердің де негізгі тобы Алматыда.
Тұрғын үй бағдарламасының негізгі қатысушысы Алматы қаласы әкімдігі борышкерлер мәселесін назарда ұстап, оны шешу жолдарын бірлесіп қарастырып отыр.
Бүгінгі таңда елімізде ипотека бойынша қарыздарын қайтара алмай жүрген 17 мың борышкер бар екен. Ендігі жерде осы бір өзекті мәселенің шешімі табылатын сияқты.
ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен 2015 жылы қолға алынатын бірнеше мемлекеттік бағдарлама бар. Солардың бірі — ипотекалық борышкерлер мәселесіне байланысты. Бағдарлама, негізінен, 2004 – 2009 жылдар аралығында ипотекалық несие рәсімдеген топқа бағытталған. ҚР Ұлттық Банкінің дерегі бойынша, ипотекалық борышкерлердің берешегінің қалдығы 36 млрд. теңгеден, шет ел валютасында 91 млрд. теңгеден асады.
Мәселеге байланысты жасалған бағдарламаның мақсаты – қиын жағдайда қалған борышкерлерді заңды құжаттары негізінде мейлінше қамтып, қарызын қайта қаржыландыру. Мемлекеттен бұл бағдарлама бойынша 130 млрд. теңге бөлінген.
ҚР Ұлттық Банкінің ғимаратында 2015 жылғы 19 наурызда Ипотекалық қарыздарды қайта қаржыландыру бағдарламасын әзірлеу жөніндегі ведомствоаралық жұмыс тобының отырысы өтті. Ұлттық Банк ипотекалық тұрғын үй қарыздарын қайта қаржыландырудың негізгі талаптары мен тетігі жөнінде айтты.
«2004 – 2009 жылдар аралығында берілген, қарыз алушының және оның жұбайының (зайыбының) жалғыз тұрғын үйі кепіл ретінде болатын ипотекалық тұрғын үй қарыздары қайта қаржыландыруға жатады. Қолдау көрсету тетігі сыйақы мөлшерлемесін төмендету талаптарымен жаңа қарыз беру, қарыз валютасын өзгерту және/немесе кредиттеу мерзімін ұлғайту арқылы ипотекалық тұрғын үй қарыздарын қайта қаржыландыру (ипотекалық тұрғын үй қарызын өтеу талаптарын өзгерту) болып табылады», – дейді ҚРҰБ Төрағасының орынбасары Қ. Қожахметов.
Отырыстың қорытындысы бойынша, Бағдарламаның көрсетілген негізгі талаптарын мақұлдау және оны Ұлттық Банк Басқармасының бекітуіне жіберу туралы шешім қабылданды.
Ипотекалық қарыздарды қайта қаржыландыру бағдарламасын әзірлеу жөніндегі ведомствоаралық жұмыс тобының құрамына ҚРҰБ-тың өкілдерімен қатар, «Нұр Отан», «Ақ жол», «Қазақстанның коммунистік халық партиясы» саяси партияларының, Алматы қаласы Әкімдігінің, Алматы қаласы Прокуратурасының, «Қазақстан қаржыгерлерінің қауымдастығы» ЗТБ-ның, «Проблемалық кредиттер қоры» АҚ-тың, «Халықты баспанамен қамтамасыз етіңіз!», «Ел бірлігі», «Кәусәр-бұлақ», «Халықты медициналық-әлеуметтік қолдау орталығы», «Халықтың тұрғын үйін өзіне қалдырайық!» қоғамдық бірлестіктерінің, екінші деңгейдегі банктердің және басқа да мүдделі мемлекеттік органдар мен ұйымдардың өкілдері кіретінін еске саламыз.
Бағдарлама шеңберінде бірінші кезекте халықтың әлеуметтік осал тобына жататын ипотекалық қарыз алушыларға; шет ел валютасымен ипотекалық тұрғын үй қарыздарын алған қарыз алушыларға; ұлттық валютамен ипотекалық тұрғын үй қарыздарын алған және мерзімі өткен берешегі бар қарыз алушыларға қолдау көрсету көзделген.
 
Дерекнама - Алматы акшамы (Алматы), № 34-35 (5069), 21.03.2015