23
Тамыз

БӨРЛІЛІК «АҚ ЖОЛ» ДЕПУТАТТАРЫ ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ АКЦИЯСЫН ӨТКІЗДІ

24 тамыз 2021 жыл, «Ақ жол» демократиялық партиясының Батыс Қазақстан облыстық филиалы

Бөрлілік депутаттар жаңа оқу жылы қарсаңында бір топ әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардан шыққан балаларға базарлық жасады. Аудандық мәдениет үйінде ұйымдастырылған қайырымдылық акциясы барысында аудандық мәслихат депутаты Серік Дүйсенов бастаған «ақжолдықтар» 50-ге жуық балаға  мектеп құралдары салынған сөмкелер мен тәттілер таратты.

Шараға «Ақ жол» партиясының Батыс Қазақстан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бағдат Ізмағанбет, аудандық мәслихат хатшысы Қайрат Төлегенұлы мен партия мүшелері, ата-аналар қатысты.

Салтанатты сыйлық табыстау шарасынан кейін келушілер алдында сөз алған партияның филиал төрағасы орынбасары Б.Ізмағанбет мұндай шаралардың өскелең ұрпақ үшін маңыздылығына тоқталып, партия бағдарламасында ел азаматтарын, соның ішінде жас отбасыларды ынталандыру, бала туу өсімін арттыру үшін ипотекалық несиелер бойынша әрбір бала туғанда 25 пайыздық субсидия беруді ұсынып, осылайша әр туған бала үшін берілетін субсидиямен шаңырақ құрған отбасылардың біртіндеп баспаналы болуға мүмкіндік ашатындығын жеткізді.

“Бұл бағдарлама халықтың әлеуметтік жағдайының жақсарып, қоғамда әлсіз отбасылардың азаюына жол ашады! Халық өз жыртығын өзі жамап, асарлатып бір-біріне үй алып, еміне қаржы жинамауы қажет! Ол үшін “Ақ жол” ұсынған бағдарламаларды шұғыл іске асырып, оның жемісін көретін уақыт келді”, - деп сөзін түйіндеді төраға орынбасары.

Бұған қоса қойындары сыйлыққа толған жас өрендерге тегін анимациялық мультфильм көрсетілді. Шара соңында ата-аналар мен педагогтар “Ақ жол” депутаттарына алғыстарын жеткізіп, ұлт болашағы - балаларға базарлық ұсынып, бір сәтке болса олардың көңілін көтерген депутаттарға сәттілік тілеп тарасты.