Мәжілістегі тындауда “Ақ жол” фракциясы депутаты Қазыбек Иса сөйлеген сөзі
Талай тар заманды көрген тарихымызда бүкіл елімізді дүр сілкіндірген Қаңтардағы қанды қасіретке бір жыл толды! Мемлекеттік төңкеріс жасамақ болғандар өз мақсаттарына жетуі үшін тіпті, ең қасиетті Тәуелсіздігіміздің өзін тәрк ете жаздады. Мемлекетіміз сақталып қалды, құдайға шүкір, бірақ қаншама адамның қаны төгілді, Имандары саламат болсын!
Басында әлеуметтік әділеттіліктер сұрап, бейбіт митингіге шыққандарды Алматыдан бастап, 11 қалада арнайы дайындалған бүлікшіл топтар пайдаланып кетіп, заңды шерудің соңы қанды шеруге айналды.
“Ақ жол” фракциясы былтыр осыдан бір жыл бұрын 26 қаңтарда алғашқы болып ҚР Бас Прокурорына “МЕМЛЕКЕТТІК ТӨҢКЕРІС ЖАСАМАҚ БОЛҒАНДАР ТҮГЕЛ АНЫҚТАЛЫП, ЖАУАПҚА ТАРТЫЛУЫ ТИІС!” – деген депутаттық сауалын жариялаған еді. Онда біз бүкіл ел күткен осы басты сұраққа жауап іздеп, ашық жаздық: “Мұндай қасиетті қазақ тарихына қара таңба салған қанды қасірет қайталанбауы үшін, Мемлекеттік төңкерісті жасамақ болған кімдер, басшысы кім, қосшысы кім, орындаушылары кімдер, бәрі толық анықталып, түгел жазаға тартылуы тиіс!”- деп, атап көрсеттік. Ал жауап толық айтылды ма?
Жаңа Бас прокурор мен Ішкі істер министрінің баяндамасын тыңдадық.
Мемлекеттік төңкерістің отын көсеушілер айтылды, ал көсемі кім? Ол неге айтылмайды?
Ақиқат толық айтылмаса, ел сенімі жоғалады! Ал мемлекетті сақтау үшін билікке ең керегі - Ел сенімі! Ел сенімі жойылудың соңы қандай болатынын Қаңтар қасіреті көрсетті!
Біз әркімнің әрекетіне әділ баға беру үшін, алдымен лаңкестер мен экстремистерді, содырлар мен қарақшы-тонаушыларды бір бөлек, ал әлеуметтік әділеттілікті талап етіп, бейбіт шеруге шыққандарды бір бөлек қарау қажет дегенбіз. Өйткені, содырлар жейтін соққыны момындар да жеп жатты... Ал жазықсыз жандар жазаланбауы қажет еді. Қамалғандарды азаптағандар қатаң жазалануы тиіс!
Баяндамаларда айтылғандай, қамаудағыларды азаптау жайлы 329 іс қозғалған? Бұл не масқара?! Азаптау акциясы басталған ба, не бұл? Әлде құқық қорғау органдары құқық қорлау органдарына айналған ба? Бұл бұған дейінгі қалыпты іс пе? Құқық қорғау органдарында ешкім бұйрықсыз қадам баспайды, азаптауға кім бұйрық берген?
Ең ауыры, қаза тапқандар ішінде ел қамы үшін ереуілге шыққандар да, тіпті, бейбіт тұрғындар да кетті. Жазықсыз қаза тапқандардың бәрінің аты-жөні Тәуелсіздікті қорғауда құрбан болған шейттер ретінде аталуы тиіс. Біз әр өзгеріс, әрбір алға басқан қадамымыз үшін Қаңтар құрбандары алдында қарыздармыз!
Мемлекеткеопасыздық жасаған Ұлтқа қауіпті комитетке айналған Ұлттық қауіпсіздік комитеті басшылары, қорғаныс, құқық қорғау басшылары анттарына адал болмағаны үшін қатаң жазаға тартылуы тиіс!
Ел басына күн туғанда - Ер басына туған барлық ауыр сынақты Мемлекет басшысы ретінде толық көтере білген Тоқаев мемлекетті, тәуелсіздікті сақтап қалды.
Көп қалалардың түрмелерінде тұтқындармен кездескен «Ақ жолдықтар» бейбіт мақсатпен көшеге шығып, арандап қалған жастарға кешірім жасау керектігін көтерген еді.
Президент жариялаған Рақымшылықпен 1,5 мыңға жуық адам ақталуда.
Қазір тіпті, «қанды төңкерісте ешқандай экстремистер де, лаңкестер де болған жоқ» деген қауесет тарауда.
Бұндай қауесеттің мақсаты - содырларды бейбіт ереуілшілермен теңестіру, қан төгістің нағыз авторларын жасырып қалу.
Онда, экстремистер болмаса, ереуілдің алғашқы күні-ақ мемлекеттік қызметкерлер мен бейбіт тұрғындарға шабуыл жасап, өлтіріп, ғимараттарды өртеп, дүкендерді тонаған кімдер?!.
Лаңкестер жоқ болса, онда қызметте тұрған 19 полицей мен сарбазды кім өлтірді? Олар да қазақтың баласы емес пе?
Алматыдағы подполковникті әкімдік ғимаратының төбесіне шығарып, денесіне бензин құйып өртеп жібергендер экстремистер ме, бейбіт ереуілшілер ме?
Видеолардағы арсеналдарды тонап, қару-жарақты көпшілікке таратқан, мемлекет өкілдерін атуға шақырғандар – бейбіт шерушілер ме? Әкімдік пен мемлекеттік органдарды өртеп, шабуыл жасағанда 900-дей бақылау камерасын атып түсірген снайперлер бейбіт шерушілерге де оқ жұмсағаны туралы ақпараттар көп.
Мемлекетті құлату үшін елге үрей туғызып, манипулияция жасап жатқан фейк ақпараттар ағыны елді адастыруда. Ал құқық қорғау органдары осы ақпараттық соғыста жеңіліс табуда.
“Ақ жол” партиясы талай жылдан бері Дін туралы заңға діни радикалды теріс ағымдарға тосқауыл қою туралы бап енгізу жайлы ұсыныс жасап келеміз. Он жыл бұрын бұл мәселені билік те қолға алып, барлық министрлік пен ведомостволар, Бас прокуратура мен Жоғары сот та қолдағанда, тек Ұлттық Қауіпсіздік комитеті келіспей қойып, осы тыйым салу заңға енбей қалды...
Қазақстан Республикасы Терроризмге қарсы орталығының берген мәліметі бойынша, 2019 жылдың аяғында Қазақстанда 20 мыңнан астам деструктивті діни идеологияны ұстанушылар өмір сүргенін естен шығармайық. Ал шын мәнінде бұл сан одан әлденеше есе көп екені белгілі.
Кешегі қаңтар оқиғасындағы Бас прокуратура мен құқық қорғау органдарының ресми мәліметтерінде де, бүгінгі баяндамаларда да діни радикалдар мен экстремистердің шабуылы айқын жазылған. Ал Діни радикализмге заңмен тыйым салу керектігі туралы біз Қаңтар жайлы депутаттық сауалымызда атап айтсақ та, бірақ әлі нәтиже жоқ.
Енді мемлекеттігімізден айрылып қала жаздаған, қаншама адам құрбан болған қанды төңкерістен кейін тағы кімнің батасын күтіп, кімнен бата алмай отырмыз әлі?
Төнкерістің авторлары қандай ұйымдастырушылық қабілеті керемет болса да, көшеге шыққан бейбіт халықтың қылмысқа бармайтынын білгендіктен, алдын ала содырларды дайындағаны анық.
Халық не үшін көшеге шықты? Халықты алаңдар мен көшелерге шығарған – отыз жылдан бері сүйретіліп келе жатқан сіңірі шыққан кедейлік, қу жоқшылық! Өткенде де айттық, жұмыс пен баспана жоқ, пұл жоқ, тіл жоқ, дым жоқ, күн көре алмай жүргендер көшеге шықпағанда қайтеді?!
Елімізді отыз жылдан бері обадай жайлап алған әділетсіздік, жегіқұрттай жемқорлық жеп бітірді.
Біз мақтанып айтатын Ел байлығы қайда? Экс-президент өзі мойындағандай, “кез-келгенін қолынан сүйреп апарып, соттауға болатын” заңсыз байығандардан халық қазынасын халыққа қайтару керек.
Халық өзгерісті ертең емес - бүгін, қағаз жүзінде емес - өмірде көргісі келеді! Сол баяғы Солтүстіктегі 30 жыл бұрынғы әкім әлі әкім боп, енді Шығыста отырса, қалай Жаңа Қазақстан жайлы жақ ашуға болады? Сонда отыз жылдан бері қайран қазақ аналары әкім тумаған ба?!
Біз Президент бастап жатқан Конституциялық түбегейлі өзгерістер арқылы жаңа дәуірге қадам басуға тиіспіз.
Қаңтар қасіретінен ащы сабақ алған бәріміз де енді Ел болашағы үшін, Ұлттық мүддеміз үшін тізе қосып, тірлік етуіміз керек.
Әділеттілік ынтымақты елде ғана ырысқа бастайды.
Жаңа жылда еліміз өрге, тіліміз төрге шыға берсін!
Ел аман, жұрт тыныш болсын!
Қазыбек ИСА, ҚР Парламеті Мәжілісі депутаты,
«Ақ жол» партиясы төрағасы орынбасары.