15
Маусым

Цифрландыру секторларын қолдайтын жаңа заң жобалары әзірленуі тиіс - Азат Перуашев – Егемен Қазақстан

Мемлекет басшысы 2017 жылғы Жолдауында Үкіметке «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасын жасау туралы тапсырма берді. Сол бағдарлама қабылданып, қазір мемлекеттік органдар түрлі жобаларды іске асыруда. Алайда мына үш мәселені шешпейінше цифрландырудың тиімді болмайтынын айтуға тиіспіз.

          

Біріншіден, орындаушылар бүгінгі ұйым­дастыру процестерін электронды формат­қа ауыстырумен айналысып, негізгі мәселе – цифрлы индустрия құруды кейінге қал­дырып отыр. Бұл жерде мәселе бұрын нарық­қа енбе­ген жаңа секторларды, тауар­лар мен қыз­меттерді тудыруға тіреледі. Мәсе­лен, халық­аралық медицина көп жылдар бо­йы қолданылып келе жатқан препараттарды жаңарту мәселесін алға тартып отыр. Кри­ми­налистер қылмыстарды ашудың компью­терлік бағдарламаларын жасауда. Сол сияқты сарапшылар сақтандыру, банк және қор биржаларында блокчейн техноло­гияларының негізіндегі перспективалар туралы айтуда. Көлік саласында да пилотсыз автомобильдер мен авиатаксилер, ауыл шаруашылығы авиациясы мен магистральды компа­ния­лардың тікұшақтардан бас тартып, ны­сандарға мониторингтер жасайтын ап­па­рат­тардың шығып жатқаны айтылуда.

Екіншіден, бұл жұмыста жеке адамдар­дың бастамаларын, ғылымның жетіс­тігі мен кәсіпкерлікті қолданған әртүрлі бизнес-идея­ларды қолдауымыз керек. Халық­аралық эксперттер эконо­ми­каны цифр­лан­­дыру жұмысына мемле­кеттің араласуын шектеу керекті­гін айтады. Үкімет процес­тер­дің орын­­дау­шысы емес, тек модераторы қыз­метін атқаруы керек.

Сонымен қатар «мидың сыртқа ағылуын» да тежеуді қарастыратын арнайы бағ­дар­лама әзірленуі керек. Бүгінгі таң­да қазақ­стандық ІТ мамандар Батысқа, тіпті Өзбекстанға да кетуде. Жуы­рда Мәжіліс депутаттарымен Ресейдің Сколково технология паркіндегі болған кездесуде сонда жүрген жүздеген қазақстандық қыздар мен жігіттерді кездестірдік. Қазір Ресейдің ЖОО-ларында жетпіс мыңнан астам қазақстандық жастар оқиды екен. Олар­дың оқығанына еш қарсылық жоқ, бірақ со­лардың елге оралуы қадаға­лануы керек қой.

Үшіншіден, бізде әлі күнге цифрландыруды реттейтін құқықтық құжаттар әзір­лен­беген. Өткен жылы Парламентке цифрлы экономиканы реттейтін заң жобаларының кешенді пакеті ақыры енгізілмеді, ал оны қажет ететін салалар жетерлік болатын.

Біздің Ұлттық банкіміз сәуір айында криптовалюталармен жасалатын операцияларға тыйым салынатынын жариялады. Бірақ цифрландырудың әлемдік тенденциясы бұдан қашып жатқан жоқ, нәтижесінде біздің артта қалып қоюымыз мүмкін. Сондықтан процесске тыйым салғаннан гөрі оны реттеген дұрыс емес пе?

Мәжілістегі «Ақ жол» партиясының фракциясы осы мәселелердің бәрін Үкімет басшысының назарына жеткізіп, ұлттық экономиканың цифрландыру сектор­арын қолдайтын жаңа заң жобаларын тезірек әзірлеуді алға тартып отыр.

Азат ПЕРУАШЕВ,

Мәжіліс депутаты

 Деректеме: egemen.kz