09
Қантар

Дания Еспаева Ақтөбе облысына жұмыс сапармен келді

9 қаңтар 2025 жыл, Ақтөбе облысының филиалы

 ҚР Парламенті Мәжілісінің төраға орынбасары Дания Еспаева және Мәжіліс депутаттары Бақтықожа Ізмұхамбетов, Қазыбек Әлішев, Жұлдыз Сүлейменова Кеңес Одағының екі мәрте Батыры Т.Бигелдинов атындағы Әуе қорғанысы күштері әскери институтында болды. Депутаттар институттың қызметімен танысып, курсанттардың казармаларын, оқу-жаттығу кешендерін және мұражайды қоса алғанда, оқу-материалдық базаны қарап шықты.

Кездесу барысында, әскери білім беру сапасын арттыруға және болашақ офицерлерді даярлаудың өзекті мәселелерін шешуге бағытталған бірқатар ұсыныстар айтылды. Сондай-ақ әскери институт ұжымының ел қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі рөлі мен маңызы талқыланды.

Әскери институт бүгінге дейін Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің қатарында, Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара әскерлерінің авиациялық бөлімдерінде, ішкі істер министрлігінің және төтенше жағдайлар министрлігінің арнайы бөлімшелерінде әскери қызмет ететін 1000-нан астам офицерді даярлап шығарған. Қазір бұл жерде 500-ден астам курсант оқып жүр.

Институттың Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің курсанттарын даярлауға қажетті оқу-материалдық базасы бар. Мұнда профессорлық-оқытушылық, ұшу-нұсқаушылық, инженерлік-техникалық құрамдар қатарынан жоғары білікті мамандар жұмыс істейді. Курсанттар ұшақтар мен тікұшақтардың материалдық бөлігін мамандандырылған сыныптарда және қолданыстағы авиациялық техника арқылы оқиды.

Мәжіліс депутаттары Дания Еспаева, Бақтықожа Ізмұхамбетов, Қазыбек Әлішев, Жұлдыз Сүлейменова  «JAN AHUAL» психологиялық қолдау орталығын аралап көрді. Бұл орталық ата-аналар мен балаларға психологиялық кеңес беруге арналған.

Бұл жерде «Жан сыры» кеңес беру кабинеті бар. Қазіргі уақытқа дейін 657 тұрғынға, оның ішінде 369 жасөспірімге психологиялық кеңес берілген. Орталықтың әдіскерлері әдістемелік күн өткізеді. Мамандар 74 кейс, 37 супервизия, 87 семинар-практикум жүргізді. Орталықтағы Call-центрге осы күнге дейін 534 қоңырау түскен.

Мәжіліс депутаттары осындай орталықтарды мектептердегі психологиялық қызметке көмек ретінде кеңейтіп жатқандарын жеткізді. Елде психологиялық қызмет кенжелеп келе жатқандықтан көңілдері толмайтынын да ашып айтты. Осы мақсатта, тиісті министрлікпен бірігіп аталған орталыққа методикалық ұсыныстар жолдайтындарын айтты.

Сонымен қатар, мамандардың жалақысы туралы мәселе де назардан тыс қалмады.