07
Шілде

Дания Еспаева Ақтөбедегі «Мерген ЛТД» ЖШС өндірісімен танысты

7 шілде 2025 жыл, Ақтөбе облыстық филиалы

ҚР Парламенті Мәжілісінің Төрағасының орынбасары, «Ақ жол» фракциясының депутаты Дания Еспаева Ақтөбе қаласындағы жеке қорғаныс құралдарын өндіретін «Мерген ЛТД» ЖШС-ның қызметімен танысты.

Кәсіпорын 2025 жылдан бастап БР2, БР3 және БР4 класындағы бронежилеттерді өндіруді қолға алған. Компания директоры Денис Степновтың айтуынша, өнімдер барлық қажетті сынақтардан өтіп, индустриялық сертификат пен СТ KZ құжатына ие болған. Басты басымдық – сапа, қауіпсіздік және қолайлылық.

Компания болашақта бронекаска мен қалқан өндіруді жоспарлап отыр. Мемлекеттік құрылымдармен, ұйымдармен және жеке тапсырыс берушілермен ынтымақтастық орнатылуда.

«Мерген ЛТД» 1997 жылдан бері жұмыс істейді, қару-жарақ пен оқ-дәрі саудасына мемлекеттік лицензиясы бар. Сонымен қатар, аңшылық, балық аулау және туризмге арналған тауарларды бөлшек саудада ұсынады.

Әлеуметтік жауапкершілік те компания қызметінің маңызды бағыты. Кәсіпорын дағдарыс орталықтарына қолдау көрсетіп, жұмысқа орналастыруға көмектеседі. Қазір компания қала тұрғындары үшін Абилқайыр хан мен Сағадат Нұрмағамбетов көшелерінің қиылысында жаңа сквер салып жатыр. Жоба аясында ағаштар отырғызылып, жарық, демалыс орындары және тегін Wi-Fi орнатылуда.

Сапар соңында Дания Еспаева отандық өндірісті қолдай отырып, «Мерген ЛТД» ұжымының қоғамдық бастамаларға қосқан үлесін жоғары бағалады.