05
Қыркүйек

Депутат Шымкент үшін «7-20-25» бағдарламасы бойынша ипотекалық займ шегін арттыруды ұсынды – Kazinform.kz

5 қыркүйек 2018 жыл.

АСТАНА. ҚазАқпарат - Шымкент үшін «7-20-25» бағдарламасы бойынша ипотекалық займ шегін 15-тен 25 миллионға дейін арттыру қажет. Мұндай ұсынысты бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында депутат Берік Дүйсембинов жасады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

           

«Ақ жол» фракциясының депутаттары Шымкенттің республикалық мәртебесін ескере отырып, «7-20-25» бағдарламасы бойынша ипотекалық займ шегін 15-тен 25 миллионға дейін арттыруды сұрайды. Бірқатар өңірде бағдарламаның шарттары олардың ерекшеліктеріне сай келмейді. Мәселен, халық ең тығыз қоныстанған Түркістан облысы мен Шымкент. Бұл жақта көпбалалы отбасылар көп және олар үшін бір, екі бөлмелі пәтерлер тарлық етеді. Ал бағдарлама шарты бойынша баспана құны 15 млн теңгемен шектелген. Шымкентте мұндай сомаға тек 2 бөлмелі пәтер ғана алуға болады. Ал бес баласы бар отбасы мұндай пәтерде қалай өмір сүреді? Таяуда ғана Шымкент мегаполис деп жарияланды ғой», - деді Берік Дүйсембинов ҚР Ұлттық банк басшысына жолдаған сауалында.

Депутат аталған тұрғын үй бағдарламасы бойынша пәтер алуға жүгінген қазақстандықтардың да қатары тым аз екендігін атап өтті. Мәселен, Ұлттық банк пен «Баспана» ипотекалық компаниясының дерегінше, 29 тамыздағы жағдай бойынша бағдарламаға қатысуға 1803 өтініш тіркеліп, оның 1190-ы мақұлданған.

«Бұл баспана кезегінде тұрған 1,5 миллион адамның және жер телімін алу кезегінде тұрған 1 млн адамның 1 пайызы да болмайды.  Айталық, Түркістан мен Маңғыстау облыстарында - 0, СҚО - 1, Атырау - 1, Павлодар - 9, Жамбыл облысында 10 өтінім ғана түскен. Әрине, мұндай көрсеткіш жақсарта түсуді қажет етеді», - деді ол.

Оның паййымынша, мұндай жағдайдың орын алуына жергілікті атқарушы органдардың да кінәсі басым.

«21 ғасырда бастама жасап шақырып, қоңырау шалуға болмай ма? Тым болмағанда 1 пайызы қатысса, 1 мың емес 25 мың адамды баспанамен қамтуға болар еді», - деді Берік Дүйсембинов.

Дереккөз: inform.kz