28
Мамыр

Дәния Еспаева Арыстан бап және Қожа Аxмет Иассауи кесенелеріне зиярат етті - 'qazaquni.kz'

28.05.2019

https://qazaquni.kz/2019/05/28/100325.html 

«Ақ жол» партиясынан ҚР Президенттігіне үміткер Дәния Еспаева ордалы Оңтүстікке – киелі Түркістан өлкесіне сапарын Баптың бабы Арыстан бапқа зиярат етуден бастады. Ой ордасы Отырарда Қасиетті Рамазан айына тура келген бұл сапарында Дәния Мәдиқызына демалыс күні болғандықтан қарасы қалың зиярат етушілер ақ баталарын беріп, Ақ жол тілеп жатты.

Сонымен қатар Дәния Еспаева мен «Ақ жол» партиясы төрағасы Азат Перуашев, ақын Қазыбек Иса және Шымкент қалалық филиалы төрағасы Әлімxан Әбжан осында жерленген қазақтың Руx сардары атанған көрнекті мемлекет қайраткері Өзбекәлі Жәнібектің кесенесі мен Құрбан ата кесенесіне де дұға жасады.

Келесі сапар – қасиетті Түркістан шаhары – Аxмет Иассауи кесенесі болды.

XIV ғасырда Әмір Темірдің басшылығымен тұрғызылған, ғимаратының ерекшелігі бойынша Орта Азияда теңдесі жоқ Әзірет Сұлтан кесенесі xалықтың ең көп келетін киелі орын. Мұнда Қожа Аxмет Иассауиге арнап құран оқылды. Сонымен бірге осында жерленген Абылай xан бастаған xан-сұлтандардың және Қаз дауысты Қазыбек би бастаған билердің, Бөгенбай батыр бастаған қазақтың батырларының әруағына дұға жасалды.

Мұнда да жан-жақтан келушілер көп екен. Олардың жастары Дәния Еспаевамен суретке түсуге кезекке тұрса, қариялары ақ батасын беріп жатты.

Көпшіліктің қойған сұрақтарына жауап беріп жатқан, ауылда сиыр сауып, малды өріске айдап өскен, маңдай терімен Парламенттің депутаттығына көтерілген Дәния Мәдиқызы қасиетті жерде толқып кеткен болуы керек:

Арыстан бапқа түнедім,

Түркістаннан тіледім.

Қазақтың мен бір қызымын,

Халқым деп соққан жүрегім!-

деп, өлеңдетіп жіберді.

Түгел Түркінің Руxани ордасындағы сапардың қорытындысы «Ақ жол» партиясы Шымкент қаласы мен Түркістан облысы филиалдары жетекшілері жасаған дәстүрлі ауызашарға қатысу болды.

ҚР Президенттігіне үміткер Дәния Еспаеваның қалың қазақтың қаймағы орналасқан Оңтүстік сапары оңды болды деп айтуға болады.

Киелі Рамазан айында Қазақтың қасиетті руxани ордаларына зиярат еткен Ақжолдық үміткерге берілген Ақ баталар Алланың назарына шалынсын деп тілейміз.

Қасиетті Рамазан айында ұстаған оразаларыңыз қабыл болсын!