7 шілде 2025 жыл, Ақтөбе облыстық филиалы
Кездесуге «Ақ жол» партиясының облыстық және қалалық мәслихат депутаттары,
сондай-ақ облыстық қоғамдық кеңес мүшелері қатысты.
ҚР Парламенті Мәжілісі Төрағасының
орынбасары, «Ақ жол» фракциясының депутаты Дәния Еспаева Ақтөбеге жұмыс
сапарымен келіп, өңірлік ішкі істер органдарының жұмысымен танысты. Алдымен ол
Ақтөбе облыстық Полиция департаментінің Жедел басқару орталығын (ЖБО) аралап,
15 мыңға жуық камерамен жабдықталған бейнебақылау жүйесі мен тәулік бойы жұмыс
істейтін қызметкерлердің жұмысын көрді.
ПД бастығы Абай Жүсіпов жасанды интеллект негізінде енгізілген жаңа
технологиялар арқылы тіркелген құқықбұзушылықтар мен қылмыстар туралы баяндады.
Жүйе жоғалғандарды іздеуге, тұлғаларды тануға және жол ережесі бұзушылықтарын
автоматты түрде тіркеуге мүмкіндік береді. Нәтижесінде 1 800-ден астам
қылмыстық іс пен 187 мың жол ережесін бұзу фактісі анықталған.
Сапар аясында депутат Есет батыр тұрғын алабындағы №25 учаскелік полиция
пунктіне барды. 466 ш.м. болатын бұл заманауи нысанда қабылдау бөлмесі,
учаскелік инспектор, пробация, көші-қон, волонтерлік және әкімшілік
қызметкерлер үшін жеке кабинеттер, ана мен бала бөлмесі және мүмкіндігі
шектеулі жандарға арналған санитарлық жағдай қарастырылған.
Дәния Еспаева полиция жұмысының тұрғындарға қолжетімді болуын ерекше атап
өтті. №25 пункт үлгілі нысан ретінде бағаланып, дәл осындай пунктті тұрғындар
саны артып келе жатқан Батыс-2 мөлтек ауданында да ашу қажеттігі көтерілді.
Мәжіліс вице-спикері бұл мәселені жергілікті әкімдік пен мәслихаттың
қарауына ұсынатынын жеткізді.





