21 қаңтар 2025 жыл, Жамбыл облыстық филиалы
«Ақ жол» партиясынан бір мандаттық жүйемен Жамбыл облыстық мәслихатына
сайланған депутат Дәурен Ахметжаев Тараз қаласының тұрғындарына қоғамдық
қабылдау жүргізді.
Тараз қаласында шағын аудандарда мәселе көп. Көпқабатты тұрғын үйлердің
аулаларында көлік тұрағы, балалар ойын алаңдары жоқ. Кейбірінде су ағатын
каналдар болмаған соң, су да келмейді. Қоғамдық қабылдауға келген тұрғындар осы
проблемаларды қозғады.
«9 шағын ауданда көптеген тұрғын
үйлердің аулаларында балалар ойын алаңдары жоқ. 9 бен 10 аудандарға жаз бойы
мүлдем су келмейді. Талдары қырқылмаған аулалар бар. Бірқатар аудандарда тұрғын
үйлердің сыртына күрделі жөндеу жүргізіліп жатқаны белгілі. Жаңа ауыстырған
шатырларға жел тұрған кезде зақым келуде. 7 шағын аудандағы мешіттің артында
футбол алаңшасы бар, тозып кеткен. Жарамсыз күйге түскен. Тұрғындар сол жерге
балалар ойын алаңшасы салынса дейді. Осы аудандағы тұрғын үйлердің арасында
қураған талдар кесілмей, қоқыс алаңына айналған. Қоқыс алаңдарының ескі бетон
плиталары тозып, шашылып жатыр. Қабылдауға келген азаматтар осы мәселелерді
көтеріп, тиісті мекемелерге жеткізуімді, шешімін табуға ықпал етуімді сұранды»,
- дейді Дәурен Ахметжаев.
Тұрғындардың өтініш-тілектері депутатқа жақсы таныс. Ақжолдық депутат
облыстық мәслихаттың кезектен тыс өткен сессияда шаһардың шағын аудандарындағы
проблемалар туралы мәселе көтеріп, қала әкіміне сұрақ қойған болатын. Шағын
аудандардың жай-күйін өзі барып көріп, зерделеу де жүргізген.