5 шілде 2025 жыл, Жамбыл облыстық филиалы
«Ақ жол» партиясынан бір мандаттық жүйемен сайланған Жамбыл облыстық
мәслихатының депутаты Дәурен Ахметжаев мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы
мекемесінің қызметкерлерімен бірге Жамбыл ауданы, Бесағаш ауылында салынып
жатқан 150 орынды мәдениет үйінің құрылысының жұмысымен танысып, мердігерімен
кездесті.
Мәдениет үйінің құрылысына «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында 627 млн 746
мың теңге қаржы бөлінген.
«Дегенмен, құрылысқа бөлінген қомақты қаржының бүгінгі күнге мердігерге 21
млн теңгесі ғана аударылған. Қаржы көлемінің аздығы жалақы тұрақсыздығына
әкеліп, салдарынан кәсіби мамандар еңбек шартын тоқтатуға мәжбүр болған.
Бұндай жайттар Тастөбе ауылындағы спорт кешенінде және Ш.Ниязбеков
ауылындағы мәдениет үйінің құрылысында орын алып отыр. Әлеуметтік нысандардың
біріне 32 млн, екіншісіне 2 млн теңге ғана аударылған. Жұмыс қарқынын
төмендетпеу қаржыға байланысты. Ал бар қаржыны бөлмей отыру қаншалықты тиімді»,
- дейді Дәурен Ахметжаев.
Дәурен Ахметжаев бұл жұмыстардың аяқ алысы бойынша тиісті мемлекеттік
органдарға депутаттық сауал жолдап, жауабын анықтайтынын айтты.

