Ел мен ерге арналған мүшәйра /Ақтан Қоңыр/ - Айкын
Қазақстан Жазушылар одағының Әдебиетшілер үйінде Қазақстан демократиялық «Ақ жол» партиясының ұйымдастыруымен Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған «Ел мен Ер» атты халықаралық жыр мүшәйрасының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі болып өтті.
Жыл басында жарияланған жыр бәйгесіне еліміздің барлық аймақтарымен қоса Қытай, Моңғолиядан да ақын қандастарымыз қатысты.
Салтанатты рәсімді «Ақ жол» демократиялық партиясының төрағасы, Парламент Мәжілісінің депутаты Азат Перуашев сөз сөйлеп ашты. Ұлт, тарих пен тіл тағдыры туралы, «Ақ жол» партиясының ұлт мүддесі жолындағы еңбегі жайлы ақын, мүшәйраның Әділқазылар алқасының төрағасы Исраил Сапарбай, ҰҒА академигі, республикалық «Қазақ тілі» қоғамының президенті Өмірзақ Айтбайұлы, жазушы-драматург, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Дулат Исабеков, жазушы, Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты Бексұлтан Нұржекеев, ҰҒА корреспондент-мүшесі, Қазақстан тарихшылары қауымдастығының төрағасы, тарих ғылымдарының докторы, профессор Мәмбет Қойгелді және басқа да зиялы қауым өкілдері әңгімелеп берді. «Ақ жол» партиясы мен Қазақстан Тарихшылар қауымдастығының бастамасымен Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған медальдармен Алаш арыстарын насихаттаудағы еңбектері үшін бірқатар тарихшылар, ғалымдар, жазушылар, журналистер марапатталды.
Кезек ел күткен мүшәйраға да келді. Додаға қатысқан 156 ақынның 568 шығармасының ішінен 25 ақынға жүлде берілді. Бас жүлде ақын Ғалым Жайлыбайға берілді. Ол осы алған жүлдеге тиесілі қаржыға екі жас ақынның жыр жинақтарын шығаратын ниетін жиналған жұрт алдында жария етті.
Жеті жүз мың теңгелік бірінші жүлдеге жас ақын Азамат Тасқараұлы ие болды. Жарты миллион теңгелік екінші орынға Моңғолиядан келген Сұраған Рахметұлы көтерілді. Үшінші жүлдені Қостанай қаласынан Серікбай Оспанов және алматылық Нұрлан Әбдібек иеленді. Жүлде көлемі 300 мыңнан. Бас жүлделерден басқа ақындарға арнаулы сыйлықтар берілді. Көлемі жүз мың теңгеден тұратын тағы да 20 сыйлық табысталды. Арнаулы сыйлықтарға Талғат Ешенұлы, Еркін Алаш, Әлия Дәулетбаева, Ырысбек Дәбей. Бауыржан Қарағызұлы, Қуаныш Талап, Гүлімай Әбішқызы, Назгүл Бердіқожа, Талапбек Тынысбек, Сағыныш Намазшамова, Бауыржан Әлқожа, Байғозы Серік, Динара Мәлік, Көбен Асқар, Ахат Әшуұлы, Гүлбақыт Хасенова, Балтабек Нұрғалиев, Батырхан Сәрсен, Жанатбек Тұрғынбайұлы ие болды. Бұған қоса республикалық «Қазақ үні» газетінің арнайы жүлдесін Төлеген Меллат жеңіп алды.
Источник - Айкын (Алматы), № 234 (2866), 15.12.2015