9 сәуір 2025 жыл, Түркістан облыстық филиалы
Бүгін, егер көзі тірі болғанда, Жамашов Болат Рахматуллаұлы ағамыз 53 жасқа
толар еді. Бірақ, амал не, тағдыр оның бұл өмірдегі жолын ерте тоқтатты. Болат
ағамызды өткен шақпен еске алу — әрқайсымызға ауыр. Себебі ол — көзі тірісінде
ел үшін туған азамат, жүрегі халқымен бірге соққан нағыз ұлт жанашыры еді.
Болат Рахматуллаұлы Қазығұрт аудандық мәслихатының VIII шақырылымының
депутаты, «Ақ жол» партиясының аудандық фракция жетекшісі ретінде ел ішіндегі
әлеуметтік-экономикалық түйткілдерге бейжай қарамай, нақты шешім табуға ұмтылып
жүретін. Ол тек сөзбен емес, іспен дәлелдейтін азамат болды. Сайланған
округінің мәселелерін шынайы жанашырлықпен көтеріп, халықтың мұң-мұқтажына
құлақ асып, талай бастаманың жүзеге асуына тікелей ықпал етті.
Бірақ Болат ағаны тек депутаттық қызметімен ғана шектеу аз. Ол — жастарға
үлгі болған, отансүйгіштік пен адалдықты бойына дарытқан тұлға. Оның жүрегінде
әрқашан туған жеріне, еліне деген ерекше махаббат пен жауапкершілік жататын.
«Еліме қалай пайдамды тигіземін?» деген ұстаным — өмірінің темірқазығына
айналды. Ол саясаткер ретінде ғана емес, азамат, аға, тәлімгер ретінде де ел
жадында қалды.
Бүгінде артында қалдырған өнегесі, адамдық болмысы, халыққа жасаған қызметі
— ұмытылмас мұра. Болат ағаның жарқын бейнесі, әділеттілігі мен қайраткерлік
қасиеті — бізге әрдайым үлгі. Оны көрген, бірге жүрген әр адам оның тазалығын,
парасаттылығын, адамгершілік биіктігін ерекше сезінетін.
Жатқан жеріңіз жайлы, рухыңыз шат болсын, Болат аға! Сізді сағынышпен еске
аламыз, есіміңіз ел есінде мәңгі сақталады.