09
Қазан

Елбасы БҰҰ мінберінде қазақша сөйлеп, Қазақ хандығының 550 жылдығына тамаша тарихи сыйлық жасады - А. Перуашев - www.inform.kz

  
АСТАНА. ҚазАқпарат - БҰҰ мінберіне қазақша сөйлеген Елбасы Қазақ хандығының 550 жылдығына тамаша тарихи сыйлық жасады. Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында депутат Азат Перуашев осылай мәлімдеді.
Сөз арасында депутат Азат Перуашев ҚР Президенті Н. Назарбаевтың БҰҰ БА мерейтойлық 70-ші сессиясында әлемнің ең жоғары мінберінен тұңғыш рет мемлекеттік тілде сөйлеген сөзін тарихи қадам ретінде бағалады. «Бұл тарихи баяндама халықаралық алты тілге аударылды. Экономикалық дағдарыс күшейіп, дүние дүбірге толы болып тұрғанда әлемдік күрделі мәселелерді шешімді түрде түйінін түйіп айту, әлемнің бүкіл мемлекет басшыларына құнарлы қазақ сөзімен құйып айтудың бағасын ешнәрсемен салыстыруға болмас. Қазақ тілін бүкіл әлем тыңдады. Тәуелсіздігіміздің 24-жылында Елбасымыз қазақша баяндаған себебін: «біздің тіліміз дүниежүзіне естілсін, құлақтарына сіңсін деп ойладым. Ары қарай жылжыта береміз. Мен әдейі солай жасадым, сондықтан, мен айтқаннан кейін, менен кейінгі басшылар да солай сөйлейді деп сенемін», - деп түсіндірді. Әлемнің 190 президентінің қазақ тілін тыңдағаны - ұмытылмайтын сәт. Тіліміздің әлемге танылған күні Елбасымыздың Қазақ хандығының 550 жылдығына тартқан тамаша тарихи сыйлығы болды деп білеміз», - деді Азат Перуашев.
Бұл ретте Мәжіліс депутаты мемлекеттіліктің символы болып табылатын мемлекеттік тілді Конституцияға сай дамытуды алға тартып, ол үшін Елбасының ерекше ерен еңбегіне қарап отыра бермеуге шақырды. «Үкімет мүшелері, Парламент депутаттары мемелкеттік қызметкерлер мен қоғам қайраткерлерінің барлығы мемлекеттік тілге үлкен құрмет жасап жүрген Президенттен үлгі алуға тиіс», - деді депутат.
 
Дерекнама - www.inform.kz (Казахстан), 08.10.2015