21
Сәуір

Елбасы қолдауы - әр салада - Сарыарка Самалы (Павлодар)

 
Қазақстан Республикасы Президенттігіне кандидат Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың республикалық қоғамдық штаб өкілдері Оңтүстік Қазақстан облысында Шымкент қаласының ғалымдар қауымымен және кәсіпорындар жұмысшыларымен кездесті.
Делегация кұрамында ҚР Президенттігіне кандидат Н.Ә.Назарбаевтың республикалық қоғамдық штабының жетекшісі Мухтар Кұл-Мұхаммед, Қазақстанның «Ауыл» социал-демократиялық партиясының төрағасы Ғани Қалиев, Мәжіліс депутаттары, үкіметтік емес ұйым өкілдері, ғылыми-шығармашылық қызмет мамандары, белгілі қоғам қайраткерлері, сондай-ақ, спортшылар болды.
Шымкент кардиологиялық орталығының бас дәрігері Спандияр Бекжігітов кездесу барысында Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың жетекшілігімен Қазақстанда атқарылып жатқан игілікті істер барлық сапаларда байқалатынын атап өтті. Әсіресе, медицина саласында ілгерілеушілік анық көрінеді.
- Бізде озық технологиямен жабдықталған ауруханалар салынуда. Мәселен, біздің тұрғындарға күрделі ота жасату үшін Астанаға жол жүрудің қажеті жоқ. Нұрсұлтан Назарбаевтың денсаулық сақтау саласына деген оң көзқарасының нәтижесінде, Шымкент кардиологиялық орталығы үздік еуропалық құрал-жабдықтармен жасақталды. Біздің дәрігерлер шетелдерде оқып, даярлықтан өтті. Ендігі жерде өз елімізде күрделі оталар жасауға қол жеткізуде, - деді ол.
Оңтүстік Қазақстан облысы орыс драма театрының көркемдік жетекшісі Игорь Вербицкийдің атап өткеніндей, Елбасы әрдайым мәдениет пен халық руханиятына жете көңіл бөліп келеді. Тәуелсіздік алғалы бері жүздеген мәдениет нысаны бой көтерді. Мәселен, Оңтүстік Қазақстан облысында «Түркістан» салтанат сарайы, «Көрме орталығы», «Отырар» облыстық кітапханасы, Салт-дәстүрлер орталығы, тарихи-өлкетану музейі, этномәдени саябақ және Жұмат Шанин атындағы драма театры ашылды.
«Шығармашыл адам үшін ең бастысы - шабыт еркіндігі. Міне, Нұрсұлтан Әбішұлы жетекшілік  ететін  Қазақстанда  біздің
бағалайтын басты құндылығымыз осы. Мемлекет басшысы - рухы биік жан. Біз мұны жоғары бағалаймыз», деді И.Вербицкий.
Түстен кейін республикалық штаб мүшелері Шымкент қаласының индустриялық аймағында орналасқан кәсіпорындардың жұмысшыларымен кездесті. Мемлекет басшысының қолдауымен бұл аймақта жалпы құны 74 млрд. теңге тұратын 60-тан астам жоба жүзеге асырылуда.
Кездесу барысында кәсіпкерлер елімізде бизнесті дамытуға барлық жағдайлар жасалып отырғанын атады. Соның бір нәтижесі, Оңтүстік Қазақстанда кәсіпкерлік саласында 1 миллион 300 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылған.
«Туран Скин» компаниясының жұмысшысы Татьяна Летуновская Елбасына еңбек адамын құрметтеу туралы көзқарасы үшін алғысын білдірді.
«Шетелдерде зауыттардың тоқтап, адамдар жұмыссыз қалып жатқанын теледидардан көргенде жағамды ұстаймын. Бізді мұндай жағдайлардан қорғап, жұмыс орындарын құрып жатқан Нұрсұлтан Назарбаевқа алғыс айтамыз», деді Т.Летуновская.
Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидат Н.Ә. Назарбаевтың Республикалық қоғамдық штабының мүшелері Маңғыстау облысына барды. Сапар барысында облыс активімен, медициналық қызметкерлермен, аймақтың кәсіпкерлерімен, «Ақтау халықаралық теңіз сауда порты» АҚ және «Ақтау құю зауыты» ЖШС жұмыскерлерімен кездесулер өтті.
Делегация құрамында Республикалық қоғамдық штаб жетекшісі Мұхтар Құл-Мұхаммед, «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек, «Ақ жол» демократиялық партиясының төрағасы Азат Перуашев, «Бірлік» партиясының төрағасы Серік Сұлтанғали, «КТК» стратегиялық даму бойынша директоры Артур Платонов, ҚР Парламентінің депутаттары, ҮЕҰ өкілдері, зиялы қауым өкілдері бар.
Маңғыстау облысының активімен кездесу Н.Жантөрин атындағы облыстық музыкалы драма театрының қабырғасында өтті. Маңғыстаулықтар өңірдің дамуындағы Мемлекет басшысының ерекше рөлін атап өтті.
Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, «Народное согласие» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Юсуп Шахшаевтың айтуынша, облыс тұрғындары қашанда Елбасының сенімді тірегі болып қала береді.
«Қазақ халқы - бір шаңырақ астында 140 халықты ұйыстырып отырған қазақстандық халық атты алып бәйтеректің тамыры. Маңғыстау жұрты әрқашанда Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың сенімді тірегі бола бермек», - деп атап өтті Ю.Шахшаев.
Сонымен қатар, РҚШ мүшелері облыстық қан орталығына барып, медицина қызметкерлерімен кездесті. Сондай-ақ, аймақ кәсіпкерлері және «Ақтау құю зауыты» ЖШС-нің жұмыскерлерімен кездесті. Олар Мемлекет басшысына Маңғыстау облысына көрсеткен қолдауы және дамытуы үшін алғыс айтты.
Аймақ тұрғындары 26 сәуір күні Ұлт көшбасшысына дауыс беретіндеріне сендірді. Өйткені Нұрсұлтан Назарбаев - Қазақстанның тұрақтылығы мен гүлденуінің кепілі.
 
Дерекнама - Сарыарка Самалы (Павлодар), № 40 (14772), 16.04.2015