Елімізде п0шта жұмысының сапасы сын көтермейді - Казак унi (Алматы)
Еліміздегі пошта қызметінің мерзімді қымбаттап отыруына қарамастан, оның жұмысы төмен деңгейден көтеріле алмауда. «Қазпошта» АҚ табысының өсуімен қатар көпшілік тарапынан айтылар сын да аз емес, «Ақжол» партиясы пошта жұмысының сапасын жақсарту үшін қажетті шаралар қабылдауды талап етіп, Мәжіліс отырысында Алмас Тұртаев партиялық фракция депутаттары атынан Инвестициялар және даму министрі Әсет Исекешевтің атына жолданған сауалды жария етті.
Қазақстан Республикасының Инвестициялар және даму министрі Ә.Ө.Исекешевке Депутаттық сауал
Құрметті Әсет Өрентайұлы!
«Қазпошта» АҚ (бұдан әрі «Қазпошта») еліміздің бүкіл аумағында пошталық және қаржылы қызметтердің толық спектрін ұсынатын Қазақстан Республикасы пошталық байланысының ұлттық операторы болып белгіленген. 2013 жылы «Қазпошта» кірістері 2012 жылмен салыстырғанда 14%-ға өсіп, 30,8 млрд. теңгені құраған. «Қазпоштаның» тиімділігі және таза табысы үш жыл қатарынан өсуде, бірақ сала басшылығы жұмсалған шығынның ақталмауы туралы айтып, үнемі субсидияға сүйенгенді жөн көреді.
2014 жылғы 1-ақпаннан бастап «Қазпошта» қызметтер тарифтерін көтерген болатын. Бүл ретте, кезекті бағаны жоғарылату девальвация әсері деп түсіндірілді, бірақ теңге құны 19%-ғатөмендеп, кейбір қызмет түрлері үшін (жазба хат-хабарларды жөнелту) бағалар 27%-ға артқан.
Қызметтер құнының кезекті артуынан көптеген баспа басылымдары күрделі жағдайға тап болуда. Айталық, кейбір басылымдар жазылудан және баспа қызметінен бас тартып, толығымен онлайнға көшуде. Бұған қоса, «Қазпоштаның» негізгі проблемаларының бірі - тиімсіз менеджментте деп есептейміз. Егер алынған табыс пошташылардың еңбекақыларын индекстеуге жіберілмесе, поштаның қаражаты қайда жұмсалатыны түсініксіз. Мысалы, өңірлерде пошташылар өз жұмысы үшін 5 мыңнан 15 мыңға дейінгі көлемде жалақы алады. Ал орталық аппараттағы қызметкерлер 10 есе артық, тіпті басшылық жағы жоғары жалақыға қоса сыйақы да алады.
Сонымен бірге, қызметтер құнының кезеңді артқанымен, қызметтер сапасы жақсарған жоқ, яғни хат-хабарлар Астана және Алматы қалаларына 2-3 күнге, облыстарға 7 күнге кешеуілдеп жеткізіледі.
Өңірлерде интернет дамымағанын, жұртшылық әлі күнге дейін газет оқитынын ескерсек, онда «Қазпошта» АҚ өзінің әлеуметтік-саяси міндеттерін әлі сезінбей келеді. «Қазпошта» баспа басылымын босату бағасына комиссия қосатындықтан, оқырмандар үшін газет бағасы көтеріліп отыр.
Пошта қызметі сапасының төмендеуімен бірге, пошта қызметкерлері тарапынан жасалған заң бұзушылықтар жыл сайын артып келеді. Мысалы, 2014 жылдың соңында Орал қаласында «Қазпошта» АҚ-ның 9 қызметкері мүгедек балалар шотынан ақша жымқырды деген айыппен әртүрлі мерзімге сотталса, осы жылдың басында бұқаралық ақпарат құралдары Ақтау қаласында пошта қызметкерлері сәлемдемелерді ашып, өздеріне ұнаған заттарды алғандары үшін ұсталды деген мәліметті таратты.
Қазіргі кезде пошта арқылы жіберілетін заттарды жөнелту үшін халық пойыз жолсеріктерінің немесе ұшақ экипаждарының қызметіне жүгінеді. Дәл осы пошта жұмысына азаматтар сенімсіздікпен қарайтындықтан, Қазақстандағы пошталық қызметтер нарығында шетелдік курьер қызметтері (мысалы, DHL) пайда болып, табысты жұмыс істеуде. Ал мерзімді басылымдарды қабылдау және жеткізумен «Қазпоштадан» басқа өзге де компаниялар айналысады.
Өткен жылы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қазақстан Республикасының пошта байланысы саласындағы заңнаманың нормаларын Дүниежүзілік поштадағы актілерімен біріздендіру және пошта операторларының қызметін реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңын қабылдап, «Қазпоштаның» халықаралық деңгейде қызмет етуін қамтамасыз еттік. Бірақ оның ішкі қызметі төмен деңгейде қалып отыр. Бүл мәселелерді бұрын бірнеше көтергенімізде Үкімет тарапы пошта қызметін реттеуге қатысты жаңа редакциядағы заң жобасын әзірлеп, Мәжіліске ұсынатындығын айтқан болатын. Бірақ ондай заң жобасы әлі күнге дейін депутаттардың қолына тиген жоқ.
Құрметті Әсет Өрентайұлы! Жоғарыда аталған мәселелерді ескере отырып, «Қазпошта» АҚ қызметінің сапасын жақсартуға байланысты атқарылып жатқан жұмыстар бойынша ақпарат беруіңізді сұраймыз.
Құрметпен, «Ақ жол» КДП фракциясының депутаттары
Дерекнама - Казак унi (Алматы), № 9 (668), 03.03.2015