15
Тамыз

Ержан Бейсембаев Қарасай ауданында ауыл тұрғындарымен кездесті

15 тамыз 2025 жыл, Алматы облыстық филиалы

Бүгін, Алматы облысы Қарасай ауданы Жібек жолы ауылдық аймағында, Тұрар ауылының тұрғындарымен кездесуге ҚР Парламент Мәжілісі депутаты, ҚДП “Ақ жол” фракциясының мүшесі Бейсембаев Ержан Алмабекұлы, Алматы облысы “Ақ жол” демпартиясының филиал басшысы М. Шынасылова және филиал басшысының орынбасары А. Сағымбекұлы барды.

Тұрар ауылының Ә. Байсалбаев атындағы орта мектебінде ауыл тұрғындары жиынға жиналып, өздерін алаңдатып жүрген мәселелер төңірегінде әңгіме қозғады. Көтерілген мәселелер аудан және облыс көлемінде шешімін табатын сұрақтар қатарынан болды. Депутат Бейсембаев Е. А. ауыл тұрғындарына партияның Парламентте атқарып жатқан жұмыстары жайлы мәлімет берді.

Соңғы 1-2 жыл бойы ауылда күрделі болып келген ауыз су мәселесі бүгінгі күні шешімін тауып, тұрғындардың үйлеріне таза су ағып тұрғаны айтылды. Бұл мәселені шешу барысында “Ақ жол” демпартиясының еңбегі бар екендігі де атап өтілді.

Осы аймақтың Көлащы ауылында 62 гектар жерде 2022-2027 жылдарға дейін құрылыс жұмысы жүріп жатқан және өнім шығарып отырған “Алтын таға” кәсіпорнына да барып, кәсіпорынның бүгінгі тыныс-тіршілігімен танысты. Бұл кәсіпорын темір-бетон және бетон конструкциялары мен бұйымдарын өндіреді.

Қазіргі уақытта:

1.     Сэндвич-панель шығаратын цех,

2.     Жерді әрлейтін кірпіш түрлерін шығаратын цех,

3.     Электр бағаналарын шығаратын цех

пайдалануға берілген. Әлі 9 цех жабдықталу процесінде. Қазіргі таңда бетон өнімдерін Қырғызстан мемлекетіне сатып жатқандары туралы мекеме басшысы хабарлады. Өндірілетін өнімнің ең басты қоспасы — цемент. Цементті Қарағанды қаласынан алатындары да аталып өтті.