15 тамыз 2024 жыл, “Ақ жол” демпартиясы Маңғыстау облыстық филиалы
«Ақ жол» демпартиясының Мәжіліс депутаты Ержан Бейсенбаев Маңғыстау облысына жұмыс сапарымен келді. Депутат іссапарын Жаңаөзен қаласынан бастап, «Алға» мүгедектер спорт клубының мүшелерімен кездесті.
Кездесу барысында Маңғыстаудың параспортын, соның ішінде параволейболы бойынша жеткен жетістіктері мен алдағы жоспарлары талқыланды. Сондай-ақ былтыр қолданысқа берілген аталған спорт кешенін аралап, спортшылардың жаттығулары үшін жасалған мүмкіндіктерді көрді.
- Өңірімізде мүмкіндігі шектеулі жандардың белсенділігі жыл сайын артып келеді. Осы спорт клубқа кез-келген жастағы мүмкіндігі шектеулі азаматтар келеді. Бұл орта оларға қоғамда өздерін жайлы сезінулеріне әрі әлеуметтік ортаға бейімделулеріне және физикалық денсаулыққа жағымды әсерін тигізуге мүмкіндік береді. Спортшыларымыз әлемдік додаларда топ жарып жүр. Жақын күндері Парижде өтетін Паралимпиада ойындарына екі спортшымыз Параволейбол құрамасында өнер көрсетеді, - дейді «Алға» мүгедектер спорт клубының өкілдері.
Кездесуде мүмкіндігі шектеулі азаматтар өздерінің көмек алу үшін белігілі бір уақыт сайын тексеріліп, яғни, көмекке мұқтаж екендерін «дәлелдеу» үшін қағаз жинайтындарын және мерзімсіз мүгедектікке өткізу мүмкіндігі бар болғанымен, денсаулығы қайта қалпына келмейтін, соның ішінде аяқ-қолынан айырылған азаматтарды қайта-қайта медициналық-әлеуметтік сараптама комиссиясынан өткізу мәселесін қозғады. Мерзімсіз топқа өткізу мүмкіндігі болса да, неліктен тексерістен өтіп, мүгедектіктерін үнемі растай беретіндерін айтты.
- МӘСК төңірегіндегі мәселелер, соның ішінде біржола мүгедектік тағайындауға қатысты проблемалар, оны шешу жұмыстары Мәжілісте қаралды. Парламентте инклюзивті парламент тобы бар. Ол жерге 6 фракциядан 6 мүгедектігі бар азамат және қосымша 14 әріптесіміз бар. Барлығы 20 депутат жұмыс істейміз. Мүгедектікті растау 260 бұйрыққа сәйкес жүзеге асырылады. Біз осы бұйрықты қайтадан қарастырып, өз ұсыныстарымызды бердік. Қол-аяғынан айрылған азаматтарға қатысты да ұсыныс айттық. Енді бұл министрдің бұйрығымен шығады. Сол себепті қазір министрдің қарауында жатыр, - деді депутат Ержан Бейсенбаев.
Кездесу соңында Ержан Бейсенбаев Парижде
өтетін Паралимпиада ойындарына сәттілік тілеп, волейбол добына қолтаңба
қалдырып сыйға тартты.