16
Сәуір

Есірткіге қатысты құқық бұзушылықтардың алдын алу бойынша кеңес құрылды

16 сәуір 2025 жыл, Шымкент қалалық филиалы

Бүгін Шымкент қалалық Полиция департаментінің базасында нашақорлықтың алдын алу және есірткі қылмыстарымен күрес саласындағы өзара әрекеттестік мәселелеріне арналған кеңейтілген жиын өтті. Кездесуге полиция қызметкерлері, мәслихат депутаттары, қоғам белсенділері, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты.

Іс-шараға Департамент бастығының бірінші орынбасары, полиция полковнигі А.А. Бейсенбаев төрағалық етті. Жиын барысында нашақорлықтың алдын алу бойынша кеңестің құрамы бекітіліп, кеңестің алдағы жұмыстары мен іс-шаралар жоспары талқыланды. Сонымен қатар, Шымкент қаласында нашақорлықтың алдын алу бағытында жұмыс істейтін Кеңестің ресми түрде құрылғаны жарияланды.

Кездесу барысында Департаменттің ювеналды полиция басқармасы бастығы, полиция подполковнигі Нариман Қ.Н. есірткі қылмыстарының алдын алу бағытындағы жұмыстарды баяндап, атқарылып жатқан профилактикалық шараларға тоқталды.

Жиында жастар ұйымдарының өкілдері де сөз алды. «Ақ жол» ҚДП Шымкент қалалық филиалының заңгері  Данара Юрьевна Саранова еріктілерді есірткіге қарсы күреске тарту және жастар арасында алдын алу жұмыстарын күшейтудің маңыздылығын атап өтті.

Жиын барысында алдағы жоспарлар талқыланып, қоғам белсенділерінің ұсыныстары назарға алынды. Кеңес мүшелеріне арнайы куәліктер табысталды. Сонымен қатар, «Ақ жол» ҚДП Шымкент қалалық филиалының заңгері  Данара Юрьевна Саранова нашақорлыққа қарсы іс-қимыл кеңесі төрағасының орынбасары болып тағайындалды.