«Естен кетпес сол сәттер жадымызда!..» /Алия Исаева “Ақ жол” ҚДП МОФ баспасөз хатшысы/ - Казак унi (Алматы)
1965-жылы 24-желтоқсанда Гурьев (қәзіргі Атырау) облысына қарасты Маңғыстау ауданының орталығы Таушық кентіне сол кездің өзінде елге кеңінен танылған сазгер, қайталанбас әндерімен тамсандырған, ҚР халық әртісі, қазақ вальсінің королі Шәмші Қалдаяқов пен талантты, ақиық ақын Төлеген Айбергенов шығармашылық сапармен келгеніне 50 жыл толып отыр.
Сол жолғы сапарларында Шәмші Қалдаяқов пен Төлеген Айберегеновтің бірігіп жазған «Жаңғырған Маңғыстау», «Ақерке-Ақжайық» сияқты қазақ халқына кеңінен танымал бірқатар әндері дүниеге келген. Төлеген Айберегеновтің қаламынан туған «Сырласу», «Шевченко-мұнай ордасы», «Мұнаралар», «Төстегі жаңғырықтар», «Қимастық» сынды өлеңдері Маңғыстау өңірінен сыр шертеді. Елу жыл бойы сахнадан түспей келе жатқан «Ақерке-Ақжайық» әні осы өлкеде тұсауы кесіліп, алғаш рет орындалғанын жұрттың бірі білсе, бірі білмейді.
Осы ретте, 10- ші шілде күні, Қазақстаннның «Ақ жол» Демократиялық Партиясы Маңғыстау облыстық филиалы жанындағы «Ақ Жол-жастар» жастар қанатының ұйымдастыруымен Түпқараған ауданы Таушық кентінде сазгер Шәмші Қалдаяқов пен ақын Төлеген Айбергеновтің киелі Маңғыстауға шығармашылық сапармен келгендеріне 50 жыл толуына орай «Естен кетпес сол сәттер жадымызда!..» атты әдеби-сазды кеші өтті.
Бұл әдеби-сазды кеш –еліміздің өзге өңірлерінен арнайы келген өнер адамдары мен жергілікті өнерсүйер қауымның басын қосқан мерейлі отырыстардың бірі болды. Кешке Түпқараған аудандық мәслихатының хатшысы - Досанова Айкүміс, Таушық кентінің әкімі – Әзірбаев Шалқар, ақын-жазушылар Оңғарбай Рза, Айтуар Өтеген, Ақшагүл Рамазанова, Көмек Ыбрайұлы және тағы да басқа өнер майталмандары қатысты. Кешке арнайы Алматы қаласынан Төлеген Айбергеновтің қызы филиология ғылымдарының кандидаты, доцент, Салтанат Төлегенқызы, Төлеген Айбергенов атындағы композиторлар байқауының жеңімпазы, әнші-композитор – Ажар Сейтенова және Астана қаласынан филиология ғылымдарының докторы, ақын Оңайгүл Тұржан келді. Сонымен қатар осыдан 50 жыл бұрын Төлеген Айбергенов пен Шәмші Қалдаяқовты Маңғыстау ауданының орталығы Таушық кентіне келгенде көзі көрген ақын Әзірбайжан Қонарбаев пен әнші, ұстаз Күлән Нәжиева да құрметті қонақтар қатарында болды.
Кеш екі тұлғаның осы өлкеде болған іс-сапары туралы «Естен кетпес сол сәттер жадымызда!..» атты деректі фильмімен басталып, Түпқараған аудандық мәслихатының хатшысы Айкүміс Досанова сөз сөйлеп, кештің шымылдығын ашып берді.
Бұл кеште Төлеген Айбергенов пен Шәмші Қалдаяқовтың өлең-сөзіне жазылған әндер әуеленді. Төлеген Айберегеновтің туған жері Қарақалпақстан Қоңырат ауданының түлектері , Төлегеннің жалынды жырларын жатқа оқып, ақынның сөзіне жазылған бір қатар әндерді орындап жүрген «Арна» тобының жігіттері «Ақерке-Ақжайық», «Марфуға», «Ақ қайың» әсем әндерін орындап, Таушық кентінің әжелер ансамбльі «Арыс жағасында..» әнін, Маңғыстау ауданы, Шетпе кентінің тұрғыны, әнші Әбіл Жұмағалиев «Жаңғырған Маңғыстау », «Ақ бантик» әндерін, Ақын Төлеген Айбергенов атындағы композиторлар байқауының жеңімпазы, әнші, композитор Ажар Сейтенова «Әуен мен ырғақ» және «Төлеген жыр» Төлегенге арнау әндерін нақышына келтіріп орындады. Сонымен қатар «Ақ жол-жастар» жастар қанатының белсенді жастары Ізбасарова Нұргүл «Бақыт құшағында» әнін, Бейбіт Қибасов Шәмші Қалдаяқовтың әндерінен «Поппури» орындап, Айбол Хамитов «Сыған серенадасы» әнімен жұртты тәнті етті.
Таушық кентінің тұрғыны Сатыбалдиева Гүлдана, Төлеген Айбергеновтің «Апаларыма» өлеңін мәнерлеп оқып, «Ақ жол-жастар» жастар қанатының белсенді мүшелері Руслан Жұбаныш, Гүлмайса Қонаққызықы, Нүргүл Бердімұратова, Кероғлиева Назира, Төлеген Айбергеновтің өлеңдерінен Мұхтар Шаханавқа арнаған «Сағыныш» композициясын көрермен назарына ұсынды.
Кеш барысында Төлеген Айбергенов ағамыздың қызы Салтанат Төлегенқызы әкесінің өмірінен сыр шертіп, «Бір тойым бар», «Қимастық», «Апаларыма» сынды өлеңдерін оқып, естелікке Т.Айбергеновтің кітаптарын сыйға тартып, Киелі Маңғыстауға келгеніне ризашылығын айтып, алғысын білдірді.
Кеш соңында “Ақ жол” ҚДП МОФ Баспасөз хатшысы мен “Ақ жол-жастар” жастар қанатының төрағасы кешке келген қонақтарға ризашылығын білдіріп, Астана қаласынан арнайы әкелген “Қазақ хандығының 550 жылдығына” арналып шыққан естелік белгіні кеш қонақтарына табыс етті.
Дерекнама - Казак унi (Алматы), № 35 (689), 03.09.2015