03
Сәуір

«Фосфоршылар мәдениет сарайы» ғимаратының құрылысы басталды

3 сәуір 2025 жыл, Шымкент қалалық филиалы

Шымкентте жаңа «Фосфоршылар мәдениет сарайы» ғимаратының құрылысы басталды. Бүгін қала әкімі Ғабит Сыздықбеков пен «Сәби» қайырымдылық қорының негізін қалаушылар – эколог Әсел Тасмағамбетова және кәсіпкер Кеңес Рақышев маңызды нысанның құрылысы басталған жерге капсула салу рәсіміне қатысты. Іс-шараға сондай-ақ «Ақ жол» ҚДП Шымкент қалалық мәслихат депутаты Исламбек Тулебаев та қатысты.

Қаланың мәдени өмірінде ерекше орын алатын бұл орталық 1980 жылы пайдалануға берілген. Алайда соңғы жылдары ғимарат қараусыз қалып, 2023 жылы коммуналдық меншікке өтті. Сарапшылар зерттеу жүргізе келе нысанды бұзу қажеттігін анықтады. Осыған байланысты Шымкент қаласы әкімдігі «Сәби» қорының қолдауымен сарайды бұзып, орнына жаңа мәдениет сарайын салу туралы шешім қабылдады.

Қала әкімі қатысушыларды маңызы зор құрылыстың басталуымен құттықтап, «Фосфоршылар мәдениет сарайы» ұзақ уақыт бойы қаланың мәдени орталығы болғанын атап өтті. Мамандар тарапынан жүргізілген зерттеу жұмыстары негізінде құрылысты қайта жаңғыртуға шешім қабылданып, бұл бастамаға «Сәби» қорының негізін қалаушылар қолдау көрсетті.

– Шымкенттің бай тарихы мен бірегей мәдени мұрасы бар. Қалада экономикалық өсуімге, инфрақұрылымды дамытуға және тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға ерекше назар аударылып, мегаполис жалпы барлық бағыттар бойынша қарқынды дамып келеді. Бұл нысанның құрылысы болашаққа жасалған маңызды инвестиция болмақ. Жаңа мәдениет сарайы қаланың дамуына серпін беретін жаңа мәдени орталыққа айналады, – деді Ғ.Сыздықбеков.