16
Қыркүйек

Халықтық штаб өкілдері музейі қызметкерлерімен кездесті

2024 жыл 16 қыркүйек, Маңғыстау облыстық филиалының баспасөз қызметі

Бүгін АЭС құрылысын қолдау жөніндегі халықтық штабтың мүшелері Ақтаудағы Ә.Кекілбаев атындағы тарихи-өлкетану музейі қызметкерлерімен экспромт кездесу өткізді.

Кездесуде штаб мүшелері Нури Тұмышев, Пәния Сармурзина және Ғазиза Тәжібаева АЭС құрылысы жайлы ақпараттар берді.

Штаб өкілдері атом энергетикасы экономиканың маңызды қозғалтқышына және жоғары технологиялық сектордың локомотивіне айналатындығын тілге тиек етті. Сондай-ақ электр энергиясына деген сұраныс жыл сайын артып жатқаны, жаңартылған энергия көздері халық қажеттілігін өтеуге қауқары жетпейтіні, экологияға қауіпсіздігі сөз болды.

«Жастар қазіргі таңда телефон арқылы небір шедевр дүниелерді шығарып жатыр. Яғни мобилография деген мамандық пайда болды. Сол кішкентай ғана телефон арқылы видеолар түсіріп, нан тауып жүр. Ал ол телефонды да жұмыс істету үшін, оны да қуаттап тұру керек. Яғни оғанда электр  қуаты керек. Осындай кішкентай құрылғының өзіне электр қуаты қажет болғанда, анау алып өндіріс саласындағы фабрика, завод, өндіріс аймақтарына да электр қуатының аса қажеттілігін білдіреді. Сондықтан мен ойлаймын бұл АЭС біздің еліміз үшін қажет», - деді штаб мүшесі Ғазиза Тәжібаева.

Кездесу соңында музей қызметкерлері сұрақтарын қойып, штаб мүшелерінен тұщымды жауап алды. Сонымен бірге келесі айда өтетін референдумға белсенді қатысатындарын айтты.