2 шілде 2021 жыл, «Ақ жол» демократиялық партиясының Ақмола облыстық филиалы
Пандемияның кесел кесапатынан толық арыла алмай, қиындық атаулы аяғымызды орап тұр. Өңірлер бірде қызыл жолаққа еніп, асқынған індеттің ошағына оралады. Жан сақтаудың бір жолы - тұрғындарды вакциналау екенін де дәрігерлер айтып жатыр. Қазір вакцина екпесінің қоры көбейген кезде оны сақтаудың өзі оңайға соқпасы анық.
Облыстың медицина мекемелерінен түскен өтінішті жерге тастамаған "Ақ жол" демократиялық партиясы қайырымдылық жасауға шешім шығарды.
Елордадан арнайы жұмыс сапарымен келген Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Ерлік Өмірғали Көкшетау қаласының іргесіндегі Красный яр кентіндегі денсаулық сақтау мекемесіне ат басын тіреп, демеушілік қаражатқа алынған екі ірі тоңазытқышты сыйға тартты.
Бұл тоңазытқышқа бір мезетте 16 мың дана вакцина сақтауға болады екен. Парламент депутаты Ерлік Өмірғали дәрігерлер алдында сөйлеген сөзінде пандемиямен күресу ақ халатты жандардың ғана жұмысы емес, баршаның ортақ ісі деді ол. Бір мүддеге жұмылғанда ғана қауіпті індеттің бетін қайтара аламыз. "Ақ жол" партиясы алдағы уақытта осындай демеушілік шараларды жалғастыратын болады. Бізге елдің амандығы қымбат.
Кенттегі медициналық көмек көрсету орталығының бас дәрігері Серік Сахиев емхананың ауысымдық қуаты екі жүз науқасқа қызмет көрсету деді.
Бүгінде бұл орталыққа осы елді мекенмен іргелес бес-алты ауыл кіретінін айтты.
Сонымен бірге, вакциналауға жататын 8959 адамның елу пайызы екпе алған екен.
Ақмола облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нариман Сыздықов ақжолдықтарға ризашылығын білдіре келіп, бірлесіп істеген жұмыстың берекесі де болатынын тілге тиек етті.