Хандарымыз бен батырларымызды жырлаған 30 ақынның есімі белгілі болды - www.alashainasy.kz
Алматыдағы Жазушылар Одағының әдебиетшілер үйінде «Ақ жол» партиясы бастап, Қазақ тарихшылар қауымдастығы қоштай отырып жарияланған жыр мүшәйрасы өз мәресіне жетіп, жеңімпаз ақындар марапатталды.
Қазақтың маңдайына біткен хандары, батырлары мен жыраулары атындағы қаржылай сыйлық еліміз бен шет елдерден келген бас-аяғы 30 ақынға бұйырды.
Биылғы жылы Елбасымыздың бастамасымен Қазақ хандығының 550 жылдығы кең көлемде аталып өтті. Бүгінгі Тәуелсіздігіміз - сонау қазақ хандығының құрылып, сан ғасыр бойы ұлан байтақ жерімізді қорғау жолындағы күрестерінен бастау алады. Тамыры терең тарихымызға үңіліп, жас ұрпақ санасына бабалар жолын насихаттау біздің азаматтық борышымыз.
Осы бағытта, «Ақ жол» демократиялық партиясы бастамасымен жыл басында «Ел мен Ер» атты халықаралық мүшәйра жарияланған болатын. Мүшәйраға қатысқан жалпы саны 156 ақынның 568 шығармасы ішінен қазылар алқасы 25 шығарманы іріктеп алып, олардың авторларына 100 мың теңге көлемінде арнайы жүлдеден берді. Жазушылар одағында өткен мүшайра қортындысында бас жүлде (жалпы көлемі 1 млн. теңге) жыр бәйгеден оза шапқан көрнекті ақын Ғалым Жайлыбайға бұйырса, 1-ші орынды жас ақын Азамат Тасқара (700 мың теңге) жеңіп алды. Ал екінші (500 мың) және үшінші (300 мың) орынды Сұраған Рахметұлы, Нұрлан Әбдібеков пен Серікбай Оспанов секілді ақындар өзара бөліске салды. Жүлдегер ақындарды марапаттау жиналысына партия жетекшісі Азат Перуашев арнайы қатысып, өзінің жүрекжарды тілектерімен бөлісті.
Азат Перуашев, «Ақ жол» партиясының төрағасы:
- Қазақ хандығының 550 жылдығын насихаттау ол елдігіміз бен ерлігімізді, тарихымыз бен әдебиетімізді насихаттау деген сөз. Негізінде «Ақ жол» партиясы Алаштың платформасын тектен текке таңдап алған жоқ.
Сонымен бірге, партия атынан қоғамда өз орны бар журналистер мен зиялы қауым өкілдеріне «Қазақ хандығының 550 жылдығына» арналған арнайы төс белгіні табыс етті. Төсбелгі таққандар ішінде Дулат Исабеков пен Талас Омарбеков та бар.
Дулат Исабеков, жазушы, драматург:
- Еліміздегі қай партия болмасын қазаққа қызмет етуі керек қой. Ал егер ондай партияның бірі сенің қазақтығыңды одан әрі дамытуға, танытуға жұмыс істеп жатса онда құба құп. Бүгінгідей үлкен жұмысты қолға алып отырған «Ақ жол» партиясына алғыстан басқа айтарым жоқ. Менің бар айтпағым еліміздегі кәсіпкерлер де, партия да аман болсын.
Талас Омарбеков, тарих ғылымдарының докторы, профессор:
- Тарихшыларда қазақтың барлық ханының сүйегі қай елде, қай жерде жатқаны туралы мәлімет те, ортақ база да жоқ. Ал белгілісінің бастарында құлпытасы жоқтары да бар. Менің сұрайтыным солардың бастарына белгі қойып, құлпытас салдырсақ. Партия ендігі жұмысы сол іске қолдау білдірсе..