05.06.2019
http://ult.kz/post/daniya-espaevanyn-ugit-naukany-kalay-otti-foto
Аз күндерден соң сайлауалды үгіт-насихат кезеңі де өз мәресіне жетеді. Кандидаттар түрлі дәрежеде насихат жұмыстарын жүргізіп, үгіт науқанын қыздыра түсті. Бүгін біз жеті үміткердің ішіндегі жалғыз әйел кандидат Дания Еспаеваның сайлауалды үгіт науқанына жіті назар салуды жөн көрдік. Үміткердің үгіт кезінде жүріп өткен жолына шолу жасап, фоторепортаж түрінде оқырман назарына ұсынамыз. Біз тек Дания Еспаеваның өзі тікелей қатысқан кездесулерді басты назарға алдық. Ал, кандидаттың штабы ұйымдастырған іс-шаралар саны мұнымен шектелмейді.
Дания Еспаева өзінің сайлауалды үгіт науқанын еліміздегі ірі наубайханалардың бірі Алматыдағы «Ақсай-нан» ЖШС бастады. Мемлекет тарихындағы тұңғыш әйел-үміткер және Республикандық штабтың жетекшісі Азат Перуашев бастаған оның жақтаушылары кәсіпорын ұжымына сайлауалды бағдарламаның басты тұстарын айтып өтті.
Дания Еспаева одан кейін 400-ге жуық қызметкер жұмыс жасайтын «Темірбетон-1» ЖШС ұжымымен кездесті. «Темірбетонның» қызметкерлері «Ақ жол» партиясынан үміткердің сайлауалды бағдарламасымен танысып, қызықтырған сұрақтарын қойды.
12 мамырда «Ақ жол» партиясының үміткері Азат Перуашев бастаған республикалық штаб өкілдерімен бірге «Жібек жолы» базарына барды.
Келесі күні Дания Еспаеваның сайлауалды штабы Талдықорған қаласында үгіт-насихат кездесулерін өткізді. Үміткердің сайлауалды бағадарламасымен аккумулятор батареяларын өндіруші «Қайнар-АБК» ЖШС заводының қызметкерлері танысты. Сайлауалды штаб мүшелері Талдықорғандағы әлеуметтік нысандарға, оның ішінде «Нұр Авиценум» медициналық орталығына бас сұқты.
14 мамырда Дания Еспаеваның сайлауалды штабы Ақмола облысының Ерейментау ауданында үгіт кездесуін өткізді.
Кандидат Қостанай облысына да табан тіреді. Мәжілісменнің жұмыс сапары Алтынсарин ауданынан басталды. Сайлаушылармен кездесу «СарыарқаАвтоПром» және «Агромашхолдинг» ЖШС-де өтті. Кезекті үгіт күн Қостанай қаласындағы М.Горький атындағы мектеп-гимназияның қабырғасында аяқталды.
21 мамыр күні Нұр-Сұлтан қаласындағы арнайы экономикалық аймақтағы «Қазақстан Парамаунт Инжиниринг» ЖШС ұжымымен кездесті. Дания Еспаева цехтың жұмысымен танысып, отандық кәсіпорынды мазалайтын сұрақтарға жауап берді.
Дания Мәдиқызы өзінің кезекті сапарында Қарағанды өңіріне ат басын бұрды. Кездесу барысында қарағандылық кәсіпкерлер сайлауалды бағдарламасымен танысып, өз ойларын бөлісті.
Бұдан кейін Шортандыдағы үгіт тобымен бірге А.Бараев атындағы астық шаруашылығының ғылыми-өнеркәсіп орталығына барды.
24 мамырда Дания Еспаева Көкшетау қаласында «Қазақстандық Агро Инновациялық Корпорация» ЖШС ұжымымен кездесті.
25 мамырда Шымкент қаласының халқымен кездесті. Іс-шараға сайлауалды штаб мүшелері, ҚР Мәжіліс депутаттары және аймақтық штаб белсенділері қатысты.
Үміткер Дания Еспаева мен сайлауалды штаб жетекшісі Азат Перуашев Нұр-Сұлтан қаласындағы гуманитарлық-заң колледжінде жас сайлаушылармен кездесті. Оқытушылар мен студенттер үміткердің сайлауалды бағдарламасымен танысты.
Дания Еспаеваның үгіт тобы кезекті кездесуін Солтүстік Қазақстан облысында өткізді. Өзінің сайлауалды бағдарламасын үміткер Петропавл ауыр машина жасау зауытының ұжымына таныстырды.
29 мамыр күні кандидат Екібастұз қаласында болды. Аталмыш қалада үміткердің үгіт тобы жергілікті кәсіпкер, энергетик және әлеуметтік саладағы жұмыскерлермен кездесті.
30 мамыр күні өткен кездесуде павлодарлық кәсіпкерлері Дания Еспаеваға бизнес мәселелері туралы айтты. Аймақтық штаб «Ақ жол» партиясынан үміткер Дания Еспаеваның қатысуымен үгіт шараларын ұйымдастырды.
31 мамырда Дания Еспаеваның штабы «Алашқа тағзым» акциясын өткізді. Партия басшылығы, «Ақ жол» партиясының депутаттары, үміткердің сенімді өкілдері «Алаш» қайраткерлері мен қуғын-сүргінге ұшыраған ата-бабаларының портреттерімен репрессия құрбандарының ескерткішіне барды.