17 ақпан 2025 жыл, Түркістан облыстық филиалы
Түркістан облысының кәсіпкерлер палатасының алаңында Өңірлік кеңестің жаңа
құрамдағы алғашқы отырысы өтті.
Жиынға «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасының
орынбасары Тимур Нақыпбеков, Түркістан облысы мәслихатының төрағасы Нұралы
Әбішов, Өңірлік кәсіпкерлер палатасының директоры Асылан Ибадуллаев, облыс
мәслихатының депутаттары А.Салимов, С.Көшенов, Б.Байғараев, И.Намазбаева,
Е.Хандиллаев, Е.Ералиев, Б.Серманизов және кеңес мүшелері қатысты.
Айта кетейік, сайлау қорытындысының нәтижесінде кеңес құрамы 40 пайызға
жаңарып, 16 аудандық және 7 салалық кеңестен барлығы 23 мүше енді.
Отырыс барысында Өңірлік кеңестің төрағасын қайта сайлау өтті. Кеңес
мүшелері өз таңдауларын жасап, өңірлік кеңестің төрағасы болып Әбішов Нұралы
Әлмаханұлы сайланды.
«- Құрметті әріптестер, маған сенім білдіргендеріңіз үшін алғыс айтамын. Өз
тарапымнан бизнес-қоғамдастықтың өзекті мәселелерін шешу және өңірлік кеңестің
алдына қойылған міндеттерді жүзеге асыру үшін бар күш-жігерімді саламын.
Мемлекет басшысы еліміздің экономикасын өркендету бағытында нақты міндеттер мен
айқын қадамдар жасап жатыр. Біз де барлық мәселелерді бірлесе шешуіміз керек.
Сонымен қатар, бизнес мүддесін қорғауда табанды болуымыз қажет. Бұл кеңес тек
облыс орталығындағы жиынмен шектелмеуі тиіс. Біз шалғай аудандардағы
шаруалардың алдына өзіміз барып, олардың жағдайын көзбен көріп, кәсіпкерлерге
шынайы қолдау білдіруіміз керек», – деді Нұралы Әлмаханұлы.
Жиында «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасының
орынбасары Тимур Нақыпбеков Өңірлік кеңестің кеңес жұмысына белсене атсалысқан
кәсіпкерлерді арнайы алғыс хаттармен марапаттап, жаңа құрамға жемісті жұмыс
тіледі.
Кездесуде 2025 жылға арналған жұмыс жоспары бекітіліп, аудан және қалаларға
шығу кестесі қаралды. Бұл бағытта Нұралы Әлмаханұлы барлық кеңес мүшелерін
кәсіпкерлердің мүддесін қорғауда белсенді болуға және кеңес жұмысына немқұрайлы
қарамауға шақырды. Өңір кәсіпкерлері үшін маңызды шешімдер қабылданатын алаң
қалыптастыру өте маңызды екенін атап өтті.