https://aikyn.kz/uly-zhoryq-bastaldy/
Адамзат игілігіне жұмсалуы тиіс қаржының жекелеген тұлғалардың жемсауына кетіп жатқанына Біріккен Ұлттар Ұйымы да алаңдай бастапты. Апта бұрын аталған ұйым оффшордағы салық төлеушілердің қаржысын өз еліне қайтарып, әлеуметтік мәселелерді шешуге жұмсау керек деп мәлімдеді. Осы мақсатта жоғары деңгейлі топ құрылмақшы. Бұл топ заңсыз шығарылған қаржыны қайтарып, оны БҰҰ-ның тұрақты даму жобаларына жұмсамақ.
БҰҰ Бас ассамблеясының 74-сессиясының төрағасы Тиджани Мұхаммад-Банденің айтуынша, пара ретінде алған және түрлі айла-шарғымен қол жеткізілген қаржы, сондай-ақ салықтан жалтару үшін оффшорлы аумақта жасырылған қаржы тұрақты дамуға үлкен кедергі. Себебі активтердің жылыстауы мемлекеттік бюджеттің таусылуына алып келеді. Бұл – түсінікті. Жыл сайын заңсыз қаржы айналымы салдарынан мемлекеттер миллиардтаған доллар жоғалтады. Құқық қорғау органдары ұрланған активтерді тапқанымен, оның барлығын кері қайтара алмайды. Өйткені мемлекеттердің ұлттық құқықтық жүйелері әртүрлі. Ұрланған қаржыны тәркілеуге қатысты көзқарастары да сәйкесе бермейді. Сондықтан әлгі топ заңсыз қаржыны жымқыруды қадағалаудың халықаралық механизмін іске қосуы бек мүмкін. Осылайша, өз жобаларын қаржыландырудың көзін де таппақ. БҰҰ осылайша «бір оқпен екі қоян атуды» көздегендей. БҰҰ-ның жоғары деңгейлі тобының құрамы наурыз айында белгілі болады. Әзірге топтың теңтөрағалары белгілі, олар – Данияның бұрынғы премьер-министрі Хелле Торнинг-Шмитт пен Нигерияның бұрынғы премьер-министрі Ибрагим Ассан Маяки.
Жалпы, БҰҰ-ның оффшордағы қаржыға көз салғанына аз болған жоқ. 2016 жылы ұйым оффшорлық аймақтарды жоюды қолдаған. Ұйым мамандары жасаған баяндамада оффшорлы аумақтарда 7-25 трлн доллар орналастырылғанын, ол қаржының 80 пайызы заңсыз қызметтің нәтижесінде жиналғанын, себебі ол қаржы еш жерде декларацияланбағанын мәлімдеген. Бұл көптеген елді миллиардтаған салықтан қағып отыр, ал ол қаржыға күрделі әлеуметтік мәселелерді шешуге болады деген еді. Ол үшін жаһандық қаржылық ашықтыққа қол жеткізу қажет деген ұйым осы жолы оффшорлық аймақтарға қарсы әрекетке белсене кірісетін сияқты.
Оффшорлық аумақ – жеңілдетілген салық режимі бар немесе мүлде салық салмайтын ел, яки сол елдің бір аумағы. Мұндай жеңілдік сол аумақта бизнесін тіркеген, бірақ басқа елде істейтін компанияларға ұсынылады. Оффшорлы аймақтар салық салу типі бойынша бірнеше түрге бөлінеді. Мысалы, оффшордың классикалық үлгісінде ешқандай салық салынбайды. Ондай аумақтағы мемлекеттерде (көп жағдайда аралдар) өнеркәсіп саласы дамымаған, есесіне саяси-экономикалық жағынан тұрақты. Бұл елдерде тіркелген шетелдік компанияларға табыс салығы салынбайды. Бар болғаны 100-350 АҚШ доллары көлемінде алым жиналады. Ал егер ол компаниялар өз елінде тіркелсе, салықтың түр-түрін төлеуіне тура келеді. Сондықтан да оффшорлы аумақта тіркелуді жөн көреді. Олардың қаржылық есеп тапсыру, аудиттен өтудің де қажеті жоқ. Компания мен қожайын мәліметі құпия сақталады. Мұндай жеңілдік ұсынатын аумақтар негізінен түрлі «қара тізімге» ілінгіш келеді. Британдық Виргини аралдары, Сейшель аралдары, Невис аралы, Багам аралдарындағы оффшор аумақтар – соның мысалы.
Оффшорлы аумақтың келесі түрі салықты кіріске қарай салады. Жекелеген аумақтарда қаржы есебін беру мен аудит жүргізу міндеттеледі. Мұндай аумаққа Гонконг, Сингапур, Панама, Белиздегі оффшорлы аумақтар жатады. Жалпы, аффшорлы аумақ туралы сұрасаңыз, сарапшылар пікірі екіге жарылады: бірі – оффшорлы аумақтан қорқудың қажеті жоқ десе, екіншісі – ол нағыз ақша «жауатын» аймақ екеніне бәс тігеді. Ал «оффшор» ұғымы алғаш пайда болған АҚШ-та XX ғасырдың 50-жылдары қаржылық ұйымдар Үкімет бақылауынан қашып барған аумаққа қатысты айтылған. Біртіндеп бұл ұғым жемқорлардың мемлекет қазынасындағы ақшаны түрлі алаяқтық жолмен оффшорлық қаржы орталықтарына (offshore financial centre) жеткізіп, сол жерде ақшаның әуелгі келу қайнарын ұмыттырып, заңды ақша ретінде пайдалануға қол жеткізілетін болған. Соңғы жылдары оффшорлы аумақ саны көбейіп келеді, бұл сұраныстың көптігінен емес пе?
Оффшорға тіркеген мүлкіңізден салық төлемеген соң, бұл сіз жұмыс істеп жатқан елдің билігіне ұнамайды, әрине. Сондықтан оффшорлы аймақтардың «қара тізімі» жасалады. Мұндай тізім бізде де бар. Ұлттық банкті 1999-2004 жылдары Григорий Марченко басқарып тұрғанда жасалған тізімдегі оффшорлы аймақтардың саны жиырмаға жетпейтін. Ал 2008 жылы Қаржы нарығын және қаржылық ұйымдарды реттеу және қадағалау агенттігінің төрағасы Елена Бахмутова жасаған тізімдегі елдер саны 43-ке жеткен. Ерболат Досаевтың былтырғы тізімі тіпті кеңейе түскен.
Оффшорлы аймақтардың арасында пайдаға кенеліп жатқан Лондон «қаржы жымқырудың астанасы» атала бастапты. Мұнда ақша жымқыру бағалы жылжымайтын мүлікті сатып алу арқылы жасалады. Ақпарат құралдары «Ағылшынның ақсүйек лордтары сүйікті корольдігі мен астанасын кім көрінгеннің ұрланған ақшасын жасыратын орынға айналғанына арланбай ма?» деп жаза бастаған. Себебі бұл елдегі қымбат нысандардың 75 пайызы шетелдік оффшор компанияларға тиесілі. Бұған дейін сатылған 36 мыңнан астам нысанды сатып алған команиялардың арасында заңды жұмыс істейтіндері де бар, алайда арасында парадан, адам саудасынан, қару-жарақ пен есірткі сатып жинаған байлығынан қылмыстың ізін жасыру үшін жылжымайтын мүлік сатып алатындар да кездеседі.
Оффшор десе, «Панама жанжалы» еске түседі. 2016 жылы журналистік зерттеулердің Халықаралық консорциумы бизнесмендер мен жоғары лауазымды шенеуніктердің оффшорлық сызбаларды пайдаланғаны туралы мәліметтерді жариялап жіберді. Бұл ақпарат көптеген елде наразылық туғызды. Исландия премьер-министрі өз еркімен қызметтен кетті, Ұлыбританияның премьер-министрі бұқаралық ақпарат құралдарына түсініктеме беруге мәжбүр болды. Атышулы тізімде Қазақстаннан шыққан 265 жеке тұлға, 8 компания, 7 делдал мен 243 мекенжай көрсетілді. Арасында сол кездегі үкімет мүшесі, аудан әкімі, мемлекетпен қатынастағы кейбір кәсіпорын басшылары да болды. Мәселен, миллионер Сержан Жұмашев, ENRC иелерінің бірі Патох Шодиев, сол кездегі Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев, азаматтық белсенді Серікжан Мәмбеталиннің де есімі жүр. Олардың ішінде соңғы екеуі ғана түсініктеме берді.
Мәжіліс депутаты, «Ақ жол» партиясының төрағасы Азат Перуашевтің пікірінше, оффшорлық аймақтар салық салуды оңтайландыру үшін ғана емес, бюджеттік қаржыны дөрекі ұрлау мен жемқорлық үшін де пайдаланылады.
«Егер оффшорлы аймақтарды пайдалану объективті жағдайлармен байланысты болса, осыған қатысты ақпараттардың фискальді органдарға қолжетімділігін, есеп берудің ерекше форматын және өзге де мәселелерді қарастыратын «Оффшорлы аймақтар арқылы жүзеге асырылатын қызметтерді реттеу туралы» заң жобасы жасалуы керек. Біз пайдасын оффшор арқылы сыртқа шығаратын компаниялар мемлекеттік бағдарламалардың қолдауын, салықтық жеңілдіктерді, мемлекеттік субсидиялар мен басқа да преференцияларды қолданбауы керек деп есептейміз», – дейді депутат.
Ал экономист Расул Рысмамбетов оффшор туралы заңның қажеті жоқ деп санайды.
«Қазақстан Үкіметі заңсыз жолмен алынған қаржыны оффшордан іздеуге және қайтаруға дайын деп ойлаймын. Біздің құқық қорғау органдары, Қаржы министрлігі, Ұлттық банк жымқырылған қаржыны қайтарады деп сенім артуға болады. Ал оффшор туралы заң бір нәрсеге көмектеседі деп ойламаймын, себебі оффшорлық аймақтар өзгере береді, ең бастысы, қылмыстық жолмен қаржы жымқырушылармен күресу керек», – дейді ол.
Азат Перуашевтің айтуынша, оффшорлық аймақтар арқылы кірісін шығаратын компаниялар мемлекеттік сатып алуға да қатыспауы тиіс, себебі олардың іс-әрекеттері барлық салықты төлеп және ашық жұмыс істеп отырған бизнеске әділ бәсеке бола алмайды. Депутаттың дерегінше, бүгінге дейін Қазақстаннан сыртқа 167 млрд доллардан астам қаражат шығарылған. Жемқорлардың халықтан ұрлаған сомасы еліміздің тәуелсіздік жылдарында мұнай сатылымынан түскен Ұлттық қордағы қаражатынан екі есе көп.
«Уәкілетті органдардан ұрланған миллиардтарды Қазақстанға қайтару жұмысын реттеуді тұрақты талап етіп келеміз. Алайда бұл талаптардың нәтижесінің ішіндегі ең көрнекісі – қайтарылған 180 млн теңге, яғни, жарты миллиондай доллар. Мұның өзі нәтиже. Дегенмен оны ұрланған ақша көлемімен салыстыруға мүлдем келмейді. Себебі жеті жыл бұрын сарапшылар мемлекеттен 138 млрд доллар шығарылды деп жазған болатын», – дейді ол.
Өкінішке қарай, Қазақстан – оффшорлық аймақтарға ақша шығаруда алдыңғы 10 елдің қатарында.
«Қазақстандық бизнес Виргинг аралдарында, Кипрде, Люксембургте қандай зауыт пен фабрика салды, осы инвестициялардан біздің ел, біздің бизнес қандай дивиденд алды?», – деген Азат Перуашев Есеп комитетінің Денсаулық сақтау министрлігінің еншілес құрылымдары Маршалл аралдарында оффшорлық аймақ арқылы нарықтағы бағадан 3-4 есе жоғары баға бойынша тендер жүргізгені туралы деректер келтіргенін еске салды. Оның пікірінше, бұл мемлекеттік қаражатты дөрекілікпен ұрлау.
Халима БҰҚАРҚЫЗЫ