25
Қыркүйек

Әлібек Исин бастаған делегация Жаңаарқа ауданында жұмыс сапарымен барды

25 қыркүйек 2025 жыл, Ұлытау облыстық филиалы

Ұлытау облысы бойынша ҚДП «Ақ жол» филиалының төрағасы Әлібек Исин бастаған делегация Жаңаарқа ауданында жұмыс сапарымен барды.

Іссапарға филиал төрағасының орынбасары Сағадат Мұхамбетов, Жастар қанатының жетекшісі Гаухар Менлибаева, аудандық үйлестіруші Батырхан Оспанов, Қаражал қаласының үйлестірушісі Сексен Сүлейменов қатысты.

«Қиссалаб» білім беру орталығында балалармен кездесіп, үйірме жетекшісі Гүлназ Аманжоловаға Қаныш Сәтпаевтың кітаптарын табыстады. Бұл қадам жас ұрпақтың білімге, кітап оқуға деген ынтасын арттыруды көздейді.

Бұдан кейін жергілікті кәсіпкерлермен, Жаңаарқа кентінің әкімінің орынбасары Жанат Тәжитов пен Аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Жанбол Көпбосыновтің катысуымен кездесу өткізіп, Қаражал–Атасу (0–28 км) автожол учаскесіндегі жұмыстар барысы туралы ресми есеп берді:

* Жол жабындысының жоғарғы қабаты 6 шақырымға асфальтобетон қоспасымен төселді;

* Жабынның төменгі қабаты толық аяқталды;

* Атасу өзеніндегі көпір құрылысы – 90% дайын;

* Жыл соңына дейін қозғалысты ашу жоспарлануда.

Сонымен қатар, KAZ14 «Жезқазған–Қарағанды» жолының 433–592 км учаскесінде 20 км ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Мердігер мекеме – «РАЙС KZ» ЖШС. Қазіргі таңда 581–582 км бөлігінде фрезерлеу және жол негізін нығайту жұмыстары атқарылып жатыр.

Кездесу барысында кәсіпкерлер өзекті мәселелерін көтерді:

* Қайсар Сейпішов – ұлттық спорт түрлерін қолдау;

* Нұргүл Орынбасарова – жеке балабақшаларға мемлекеттік дотация көлемін арттыру.

Бұл ұсыныстар хаттамаға енгізіліп, алдағы уақытта депутаттық сауал түрінде жолданатын болады.

Сағадат Мұхамбетов кәсіпкерлерге туризм саласындағы мемлекеттік қолдау тетіктері туралы баяндады.

ҚДП «Ақ жол» партиясы әрдайым өңірдің дамуы мен кәсіпкерлердің бастамаларын қолдауға дайын!