23 маусым 2025 жыл, Қызылорда облыстық филиалы
Қызылорда облыстық мәслихатында "Ақ жол" партиясы фракциясының
жетекшісі Қ.Боранбаев облыстық кәсіпкерлік басқармасының жұмысын қатаң сынға
алды.
"Ақ жол" партиясының Қызылорда облыстық мәслихатындағы фракция
мүшелері Экономика, әлеуметтік және құқықтық мәселелері жөніндегі тұрақты
комиссияның кеңейтілген отырысына қатысты.
Комиссия отырысында "Ақ жол" партиясынан сайланған Қызылорда облыстық
мәслихатының депутаты, мәслихаттағы партия фракциясының жетекшісі Қайрат
Жомартұлы Боранбаев кәсіпкерлер мәселесін көтеріп, облыстық кәсіпкерлік, туризм және өнеркәсіп басқармасының жұмысын қатаң
сынға алды.
Өз сөзінде Қ.Боранбаев басқарма тарапынан кәсіпкерлермен ешқандай
байланыстың жоқтығын, шағын және орта кәсіп субъектілері мен мемлекеттік
мекемелер арасындағы түрлі мәселелерде шетте қалып, олардың құқығын қорғаудың
орнына мемлекеттік мекемелер мүддесіне баса көңіл бөлетіндігін жеткізді.
Екінші деңгейлі банктердің несие пайызы өте жоғары екендігін, бұл деген
кәсіп иелерінің жұмыс жасап, кәсібін дөңгелентіп, бюджетке тиісті салық төлеуіне де кесірін тигізетіндігін айта
келе, басқарманың кәсіп субъектілері мен банк арасындағы несие пайызына байланысты
мәселені шешуде тағы да үнсіздік танытып отырғандығын баса айтты.
"Кәсіпкерлердің мәселелері тайға таңба басқандай бадырайып тұрған
үлкен мәселе. Кәсіпкерлік, туризм және өнеркәсіп басқармасының кәсіпкерлер
мүддесін қорғауға ешқандай құлқы жоқ. Алайда, осы басқармада және барлық
мемлекеттік мекемелердің аппараты осы кәсіпкерлердің төлейтін салығына өмір
сүріп отыр. Кәсіп иелерінің мүддесін
қорғамайтын, бірлесіп жұмыс жасамайтын бұндай басқарманың керегі не?"
-деп, облыстық кәсіпкерлік басқармасының жұмысына ең төмен баға берді.