Автор: Сәке Қанатұлы
Мәжіліс депутаты Азат Перуашев Алматы маңында апатқа ұшыраған Bek air әуе компаниясының зардап шегушілерге заңды өтемақы мен басқа қолдау шараларын жасамағанын мәлімдеді деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ порталы Sputnik Қазақстанбасылымына сілтеме жасап.
2020-01-29 СОҢҒЫ ЖАҢАЛЫҚТАРҚОҒАМ
Автор: Сәке Қанатұлы
Мәжіліс депутаты Азат Перуашев Алматы маңында апатқа ұшыраған Bek air әуе компаниясының зардап шегушілерге заңды өтемақы мен басқа қолдау шараларын жасамағанын мәлімдеді деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ порталы Sputnik Қазақстанбасылымына сілтеме жасап.
Фото: Instagram, Sputnik/Владислав Воднев
Халық қалаулысының сөзінше, Bek Air басшылығының трагедиядан кейін үкіметтік комиссияның ресми қорытындысын күтпей, ел алдында апатқа қатысты өз болжамдарын жария етуі мүлде дұрыс емес.
Перуашев компанияның бұл мәлімдемесін қоғамдық пікір мен тергеу барысына ықпал етуге ұмтылу деп бағалауға болатынын білдірді.
"Адамдық және іскерлік этика тұрғысынан компания басшылығы алғашқы сәттен-ақ зардап шеккендердің жанынан табылып, шынымен көмек көрсетуі тиіс еді. Ауруханаларға түскен адамдардың хәлін сұрап, марқұмдардың отбасыларына баруы керек еді", - деді ол.
Мәжіліс депутаты 13 адамның өмірі қиылып, көбісі мүгедек болып қалғанын алға тартты.
"Құдай сақтасын, алайда бұл жағдайда кез келген жауапты компания тек заңды өтемақы ғана емес, сонымен бірге өздеріне пайда әкеліп отырған адамдарға өз еркімен қосымша қолдау көрсету мүмкіндігін қарастыруы тиіс еді", - деді халық қалаулысы.
Перуашев әуе компаниясы тарапынан заңды өтемақы мен басқа қолдау шаралары жасалмағанын атап өтті.
"Халық Bek air компаниясының өкілдерін ауруханалардан да, марқұмдарды жерлеу рәсімінен де көрген жоқ. Компания баспасөз арқылы ғана көңіл айтты. Құдды трагедияға ешқандай қатысы жоқ бөтен тарап секілді. Кінәні тағы да сол көз жұмған ұшқыштарға арта салатындай көрінеді. Өлгендер өз-өзін қорғай алмайды. Бұл әділдік пе сонда?", - деп әуе компаниясының басшылығына шүйлікті ол.
Депутаттың айтуынша, Bek air жолаушыларға трагедиядан кейін тоқтатылған рейстер үшін билет ақшасын әлі қайтармаған.
"Үкіметтік комиссияның жұмыс істеп жатқанына бір ай болса да, "Бек Эйрдің" кінәлі қызметкерлеріне қатысты да, не басқа да жауапты тұлғаларға қатысты ақпарат жоқ. Ешкім кек алуды немесе кінәсіздерді жазалауды талап етіп отырған жоқ. Бірақ ең болмағанда, осы әуе апатынан қаза тапқан азаматтарымызға қатысты әділдік болуы тиіс", - деді Перуашев.
Осыған байланысты "Ақ жол" фракциясы "Бек Эйр" компаниясынан құлаған ұшақтың жолаушыларына моралдық шығын ретінде өтемақы өндіріп алуды сұрады. Сондай-ақ, өкілетті органдарға тоқтатылған рейстер үшін жолаушыларға билет ақшасын қайтаруды қамтамасыз етуді тапсыру керектігін, қоғамды трагедияға қатысы бар күдіктілерге қатысты шаралардан хабардар ету қажеттігін айтты.
Еске сала кетсек, өткен жылы 27 желтоқсанда Алматыдан Нұр-Сұлтанға бағыт алған Bek air әуе компаниясының рейсі апатқа ұшырады. Бірнеше сағат өткен соң қаза тапқандардың нақты саны мен есімдері белгілі болды.
Апатқа ұшыраған ұшақ экипажы мен диспетчердің сөйлескен жазбасы жарияланды.
Қайғылы жағдайға қатысты мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пікір білдіріп, қаза тапқандардың туыстары мен жақындарына көңіл айтты және зардап шеккендерге көмек көрсетілетінін мәлімдеді.
Роман Склярдың және бірнеше жауапты тұлғаның қатысуымен болған баспасөз брифингінде ұшақ апатының болжамды екі себебі айтылды.
Ал ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев қайғылы оқиғаға себеп болуы мүмкін үш нұсқаны атады.
Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылдың 28 желтоқсанын жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялады.
10 қаңтар күні елордада қайғылы оқиғаға байланысты құрылған үкіметтік комиссияның отырысы өтті. Кездесу барысында әуе апатына не себеп болғаны жайлы алдын ала болжамдар айтылды.