25
Қыркүйек

Әлихан Бөкейханға туған жерінде ескерткіш орнатылды

https://t.me/peruash/3032

Бүгін, 25 қыркүйекте Қарағанды облысы Ақтоғай ауданында Алаш көсемі Әлихан Бөкейханға ескерткіш орнатылды. Оған елордадан ҚР Парламенті Мәжілісі депутаты, “Ақ жол” партиясы төрағасының орынбасары, белгілі ақын Қазыбек Иса, “Ақ жол” партиясы Ұлттық кеңесі хатшысы, алаштанушы-әлихантанушы ғалым Сұлтанхан Жүсіп, белгілі алаштанушы ғалым, жазушы Тұрсын Жұртбай және Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің бір топ алаштанушы ғалымдары арнайы барып қатысты.

Әлихан Бөкейхан ескерткішін ашу құрметіне алаштанушы ғалым Тұрсын Жұртбай, ел ағасы Қайырбек Сәдуақасов, Мәжіліс депутаты Қазыбек Иса, әлихантанушы ғалым Сұлтанхан Жүсіп, Ақтоғай ауданы әкімі Салтанат Әбілова ие болды.

Ескерткіш басында ел ағасы Қайырбек Сәдуақасов, Мәжіліс депутаты Қазыбек Иса, Ақтоғай ауданы әкімі Салтанат Әбілова, Қарағанды облысы ішкі саясат басқармасы басшысы Ерлан Құсайын құттықтау сөз сөйледі. Салтанатты ескерткіш ашылу соңы аты белгілі “Тоқырауын толқыны” ансамблінің концертіне жалғасты.

Әлихан Бөкейханға арналған ғылыми конференцияда Қайырбек Сәдуақасов, Тұрсын Жұртбай, Сұлтанхан Жүсіп, Сағымбай Жұмағұл, Қайырбек Кемеңгер және тб сөйледі. Конференцияда Мәжіліс депутаты Қазыбек Исаға аманат та айтылды. “Сарыарқа” медиахолдинг директоры, облыстық мәслихат депутаты Қамбар Ахметов Әлиханның ауылына жол салу мәселесін көтерді.

Конференцияда бірнеше ел ағалары мен қоғам қайраткерлеріне, Әлиханның ұрпақтарына “Ақ жол” партиясының “Қазақ Республикасына 100 жыл” медалы табысталды.

Конференциядан соң Әлихан Бөкейханға арналып ас беріліп, құран бағышталды.

Алаш көсемі Әлиханға тағзым ету сапарында “Ақ жол” партиясы Қарағанды облыстық филиалы төрағасы, облыстық мәслихат депутаты Ермек Әбілда, Қарағанды қалалық мәслихаты депутаты Ғали Өмірбек, Жезқазған қалалық мәслихат депутаты Мақпал Орынбет және бір топ жергілікті мәслихат депутаттары бірге болды.