28
Қазан

Әлихан Бөкейханов қазақ үшін «маcондық ложада» болса болған шығар - www.alashainasy.kz

Қай заманда болмасын елінің қамын ойлап, халқы үшін қандай жағдайға болмасын дайын тұратын ел азаматтары болғанын білеміз.
Тәуелсіз елде туылған, осы егемендік үшін жанын берген ата-бабаларымның ұрпағымын. Алайда, халықтың бостандығы үшін, болашақ біздер үшін басын қатерге тіккен «халық ерлеріне» тиесілі құрмет көрсетіліп жатыр ма? Келесі жылы Алашорда Үкіметінің басшысы Әлихан Бөкейхановтың 150 жылдық мерейтойы. Біреу білсе, біреу білмес. Ақиқатын айтқанда «қазақ даласының тасына дейін әр қазақтың өңіріне тағылуы тиіс» деп өткен алаш арысын «бүгінгі ұрпақ біле ме?» деген сауал мені де жиі мазалайды.
Рас, бүгінгі жастар ғаламторды еркін пайдаланады. Қажетті ақпараттарды оқуға мүмкіндіктері бар. Дегенмен, халқым деп өткен тұлғалар туралы оқығаннан, қазіргі беті жылтыр жұлдызсымақтар мен қара бастың қамын ойлаған ел аға- апаларының табыс көздері, саяхаттары мен жеген тағамдары көбірек қызықтыратындығы көңілге келеді. Сондай-ақ, алып қашпа сөздер, зерттелмеген, дәлелденбеген мақалаларды оқып, соған сеніп жатамыз. Себебі неде? Тарихтың дұрыс оқытылмай, дәріптелмей, насихатталмауында. Жақында ғаламторда Әлихан Бөкейханов туралы мақаланы көзім шалды. Айтуынша, атамыз астыртын «маcондық ложа» атты ұйымға мүше болыпты- мыс. Ия, болса болған шығар, бірақ есті адамның ақылымен ойлансақ, өз кезінде Оспан батыр « Мен қазақ үшін шайтанмен де дос болуға әзірмін» деген екен...Бүгінгі саясат осындай ойға жетелейді. Сондықтан да Алаш арысының мерейтойын жоғарыда айтылған ғайбат мақалалармен емес, жастарға үлгі боларлық шығармаларын шығарумен, оны насихаттаумен өткізсек қалай болады, ағалар?
Жақында «Ақжол» партиясы Үкімет басшысы Кәрім Мәсімовке Әлихан Бөкейхановтың мерейтойына байланысты депутаттық сауал жолдап, арнайы комиссия құруды, оны ЮНЕСКО көлемінде атап өтуді ұсыныпты. Бұл ұсыныс қабылданса біз секілді жастар арзан шоуларға алданбай, алаш тұлғалары жайлы нақты дүниелерге қанығар едік қой. Және де бір ғана Бөкейханов емес, басқа да тұлғаларымызды насихаттау, оны жастарға кеңінен түсіндіру жұмыстарын қолға алатын уақыт жеткен сияқты.
Назерке Шарападдин
Халықаралық Ақпараттық Технологиялар Университетінің 3 курс студенті
 
Дерекнама - www.alashainasy.kz  (Казахстан), 26.10.2015