6 қазан 2025 жыл, Жамбыл облыстық филиалы
Жамбыл облысы, Байзақ ауданы, Үлгілі орта мектебінде Конституцияның 30
жылдығына арналған Ашық сынып сағаты өткізілді.
Ұрпақтар сабақтастығын жалғау әрі «Біртұтас тәрбие» бағдарламасын жүзеге
асыру мақсатында ұйымдастырылған іс-шараға «Ақ жол» партиясынан сайланған
Байзақ аудандық мәслихатының депутаты, кәсіпкер Ләйлә Бесбаева арнайы
шақырылды. Ұрпақ тәрбиесі – тұтас қоғамға ортақ мәселе. Жас жеткіншектер үшін
алдыңғы толқынның өмір тәжірибесі, жеткен жетістігі, ұстанған ұстанымы – керек
тағылым.
Кездесуде заң және тәртіптің қоғам дамуына ықпалы туралы келелі әңгіме
қозғалды. Ақжолдық депутат жас жеткіншектерге кәсіп бастаудың жолдарын
түсіндірді. Ашық диалог форматында өткен іс-шарада оқушылар да ойларын еркін
жеткізіп, депутатқа өздерін қызықтыратын сұрақтарын қойды. «Жастардың ел
дамуына қосар үлесі қандай болуы керек?», «Парламентте қабылданатын заңдар
өмірімізге қалай әсер етеді?», «Әділетті Қазақстан», «Адал азамат» идеясын
қалай түсіндіресіз?», «Депутаттыққа қай жылы ұсынылдыңыз?» деген сауалдары
арқылы ауыл жастары еліміздің қоғамдық-саяси өміріне бей-жай қарамайтынын
көрсетті.
Жастар қойған сұрақтарға жауап бере отырып, Ләйлә Бесбаева алға қойған
мақсат айқын болғанда, адал еңбек табысқа жеткізетінін айтып өтті. Сондай-ақ
еліміздегі конституциялық, саяси реформаларды алға жылжытуда «Ақ жол»
Демпартиясының қосып отырған үлесіне тоқталды. Партия бастамаларын атап өтіп,
талантты жастарды қолдау бағытында қолға алған іс-шаралары туралы әңгімеледі.


