18 тамыз 2025 жыл, Жамбыл
облыстық филиалы
«Ақ жол» партиясынан сайланған Байзақ аудандық мәслихатының депутаты Ләйлә
Бесбаева ауыл тұрғындарының шағымы бойынша Үлгілі ауылы, Исмайылов көшесі, 2
бұрылысын басып өтетін дренажды жауып тастаған азаматпен кездесіп, мәселені
зерделеді.
Исмайылов көшесінің 2 бұрылысына жаңадан көшіп келген азамат көше
тұрғындарына ортақ, біраз жылдан бері қолданыста келе жатқан дренаждың өз
үйінің шарбағының маңынан өтетін тұсын көпшіліктің пікірімен санаспай көміп
тастаған. Бұл – талапқа қайшы. Ертең жауын-шашынды кезеңде көше сазға айналып,
қиындық туғызады.
Осы проблеманы зерделеп, ауыл азаматына түсіндіру үшін Ләйлә Бесбаева
«Қазсушар» РМК Жамбыл филиалы Байзақ өндірістік бөлімшесінің басшысы Қасымбек
Жүзбаев, бөлім басшысы Мұхаммед Тәжібаевты шақырды. Мамандар талапты
түсіндіріп, дренажды рұқсатсыз көміп тастаудың соңы айыппұл төлеуге әкеліп
соғатынын айтқанмен, мәселе басы ашық күйінде қалды.
Ақжолдық депутат ауыл әкімі дренаждың орнын қайта аштырып, бұл мәселені
шешпесе, тиісті мекемелерден комиссия шақырылып, акт толтырылатынын айтты.
