17 маусым 2025 жыл, Жамбыл облыстық филиалы
Байзақ аудандық мәслихатының жұмыс жоспарына сәйкес, «Ақ жол» партиясынан
сайланған депутат Ләйлә Бесбаева жұмыс тобымен бірге Ботамойнақ ауылдық
округіндегі шаруа қожалықтарды аралап, дихандармен кездесті.
Аудандық мәслихаттың кезекті сессиясында аудандағы ауыл шаруашылық кешенін
дамытудағы өзекті мәселелер және аудан тұрғындарының тұрмыс деңгейін көтеру
мақсатында атқарылып жатқан жұмыстардың барысын талқыланады. Байзақта осы
бағытта қандай жұмыстар атқарылып жатқанын әрі шаруа қожалық иелерінің
жай-күйін алдын ала зерделеу үшін мәслихатта арнайы жұмыс тобы құрылған
болатын.
Депутаттардан құрылған жұмыс тобы аудандық ауыл шаруашылық бөлімінің
мамандарымен бірге алқап басына барып, көкөніс және көпжылдық жоңышқа өсіріп
жатқан шаруалармен кездесті. Сондай-ақ үйінің ауласынан жылыжай салып, өнім
алып отырған кәсіпкермен тілдесті.
«2023 жылғы қуаңшылықтың салдарынан байзақтық дихандар да көп зардап
шеккені белгілі. Алда шіліңгір шілде айы. Шаруалар ағын судың мәселесі әлі де
толық шешілмегенін айтты. Ерте көктемнен тыным таппайтын дихандар еккен
өнімдерінен пайда көргісі келеді. Ал су жетпесе, кеткен шығынның орнын толтыру
қиын. Сол себепті ауыл тұрғындарының алаңдауы орынды. Біз бұл мәселені мәслихат
сессиясында көтеріп, ұсыныс-сұрағымызды жолдайтын боламыз», - дейді Ләйлә
Бесбаева.




