17
Ақпан

Ұлты басқа болса да, рухы қазақ еді!.. /Азат Перуашев, «Ақ жол» партиясы төрағасы, Мәжіліс депутаты/ - Казак унi (Алматы)

 
Қадірлі жамағат! Мен бүгін зиялы қауымның ауыр қазаға қайғырып айтып жатқан қаншама сөздерінен артып ешнәрсе айта алмаймын.
Бүгін біз Герольд Бельгер ағамызды, қазақ халқының аяулы қаламгерін, елін ерекше сүйген патриотын соңғы сапарға шығарып салып келіп отырмыз. Үш тілде жазып, үш тілдің мәдениетін қатар емген қадірлі Герағамыз біздің елімізге, Тәуелсіз Қазақстандағы халық  бірлігіне, ынтымақтастығына ерен еңбек сіңірген , халық сүйген қадірлі тұлғамыз еді. Герағаң қазасымен де елді біріктіріп кетті. Мұнда қаншама халық қанша жерден келіп отыр. Мен осындай асыл азаматпен қоштасуға бір қауым ел болып келген «Ақ жол» партиясының атынан ғана емес, Парламент депутаттарының атынан да бүкіл қазақ елінің қайғысына ортақтасып, көңіл айтамын.
Ел Герағамызды ұлты басқа болса да, жүрегі қазақ еді деп өте дүрыс айтып жатыр. Иә, ұлты басқа болса да, рухы қазақ еді! Герағаң әсіресе, орыстілді қазақтар үшін өшпес өнеге. үздік үлгі көрсетіп кетті. Герольд Бельгер ағамыздың “Казахское слово” кітабы бүкіл қазақстандықтарға, соның ішінде өзгетілді қазақтарға өз тілін, қазақ тілін- мемлекеттік тілімізді меңгеруде орындалуы тиіс өсиет деп білемін.
Герольд Бельгер ағамызды қазақ халқы еш уақытта ұмытпайды. «Өлді деуге бола ма, айтыңдаршы, Өлмейтұғын артында сөз қалдырған» деп, ұлы Абай атамыз айтқандай, артында қазақ әдебиетіне қосылған мол мұра қалды. Біз енді сол еңбектерін елдің игілігіне жарату жолында қайрат көрсетуіміз керек деп білемін.
Жатқан жеріңіз жайлы, топырағыңыз торқа болсын, Гераға!
 
Дерекнама - Казак унi (Алматы), № 6 (665), 10.02.2015