11 қараша 2025 жыл, Ұлытау облыстық филиалы
Өрт кезінде үш баланың өмірін құтқарып қалған Сәтбаев қаласының полиция
қызметкерлері — капитан Асет Абдуакитов пен аға лейтенант Нұрболат Нұрғабыл ҚДП
“Ақ жол” партиясының “Адам құтқарғаны үшін” медалімен және арнайы сертификатпен
марапатталды.
Марапатты “Ақ жол” партиясы төрағасы Азат Перуашевтың атынан Ұлытау облысы
бойынша филиал төрағасы Әлібек Исин табыстады.
Әлібек Исин:
«Бүгін біз ел намысын биік ұстап, нағыз ерлік пен жанқиярлықтың үлгісін
көрсеткен азаматтарды марапаттап отырмыз. Сіздердің батыл қадамдарыңыз —
отансүйгіштік пен азаматтық борышқа адалдықтың айқын дәлелі. Осындай ер
азаматтарымыздың арқасында қоғамда сенім, тұрақтылық және қауіпсіздік орнайды. Ел
үшін ерлік еткен ердің аты әрдайым құрметке лайық!»
Марапаттау рәсіміне облыстық мәслихат депутаттары Ақылбек Аманов, Бекзат
Дайрабайұлы, сондай-ақ Жаңаарқа аудандық филиалының үйлестірушісі Батырхан
Оспанов қатысып, ержүрек полиция қызметкерлерін және олардың ата-аналарын шын
жүректен құттықтады.
Полиция департаменті тарапынан да ерлердің ата-аналарына ерекше құрмет
көрсетіліп, алғыс хаттар табыс етілді.
Полиция департаменті бастығының орынбасары Бахтияр Смағұлов:
«Сіздердің ұлдарыңыз өз өмірін қатерге тігіп, үш баланы ажал аузынан аман
алып қалды. Осындай ерлерді тәрбиелеп өсіргендеріңіз үшін зор алғыс айтамыз!»
Сонымен қатар, іс-шара барысында 10 қараша — Ішкі істер органдары
ардагерлері күніне орай бірқатар ардагерлерге құрмет көрсетілді.
“Ақ жол” партиясы елдің тыныштығы мен қауіпсіздігі жолында аянбай қызмет
етіп жүрген азаматтардың ерлігі мен еңбегін әрқашан жоғары бағалайды.
Мұндай
батылдық — әділ қоғам мен ұлттың рухын қалыптастыратын жарқын мысал!




