06
Шілде

Ұлттық домбыра күніне арналған шарада «Ақ жол» партиясының Абай облыстық филиалы белсенділік танытты

6 шілде 2025 жыл, Абай облыстық филиалы

Семей қаласында өткен «Даланың үні – домбыра» атты концертте Ұлттық домбыра күні ерекше сән-салтанатпен аталып өтті. Бұл мәдени шара қазақ халқының рухани мұрасы — домбыраның мәні мен маңызын дәріптеуге арналды.

«Ақ жол» демократиялық партиясының Абай облыстық филиалы аталмыш іс-шараға белсене атсалысып, ұлттық құндылықтарды ұлықтауға өз үлесін қосты. Партия мүшелері мен белсенділері мерекелік кешке қатысып, қазақтың төл өнеріне құрмет білдірді.

Салтанатты жиында ҚР еңбек сіңірген қайраткерлері Ерлан Рыскали, Гүлмира Сарина, Айбек Бекбосын, сондай-ақ «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісінің иегерлері Қадырбек пен Маржан Омаровтар және қалалық Мәдениет сарайының өнерпаздары сахнаға шықты.

Домбыраның күмбірі мен терме-жырлар, әсерлі әндер көрерменнің жүрегін тебірентіп, кештің рухани мәнін арттырды. Әрбір орындалған туынды — қазақ халқының тарихы мен болмысын жеткізген рухани үні болды.