Ұлттық мүдде - «Алаш» қозғалысының басты ұстанымы /Раушан Сейсенбай/ - Казак унi (Алматы)
Келесі жылы Алаш Орда Үкіметінің құрылғанына 100 жыл толады. Қазақ елінің тарихында елеулі орын алған атаулы датаға орай «Ақ жол» демократиялық партиясы арнайы шараларды тұрақты түрде өткізіп келеді. Ақтөбеде аталмыш партия филиалы белсенділері «Алаш» қозғалысы қайраткерлерінің идеялық көзқарастарын зерделеуге арналған ауқымды конференция өткізді.
«Алаш» идеясы қай заманда да ел игілігі үшін қызмет ететін ұлағатты бағдарлама болып қала береді. Алаш идеялары құндылығын ешқашан жоймақ емес. Жер, ел, тәуелсіздік мәселелерін ту еткен Алаш қайраткерлерінің ісін насихаттау үшін «Ақ жол» демократиялық партиясы бірнеше бағыттағы бағдарлама қабылдады. «Алаш идеясы мемлекетшілдіктің бұлжымас берік бағыты болғанын, Алаш қозғалысы - жаңашыл жасампаздық бағыттағы дамудың көшбасшы жолдарын белгілеп кеткенін көпшілік біле бермейді» деп қынжылды бұл тақырыпты терең зерттеген ғалымдар. Кең ауқымда өткізілген конференцияның түпкі мақсаты да осы идеяны насихаттау болды.
Тарих ғылымдарының кандидаты Аман Әлібек: «Қай заманда да «Алаш» қайраткерлерінің идеялық көзқарастары жас ұрпақты тәрбиелеуге баға жетпес құнды қағида, таптырмас үлгі. Сондықтан бұл құндылық барынша насихатталуы тиіс. «Алаш» қайраткерлерінің идеялық көзқарасын бағдарлауға арналған конференцияның берері мол. Мұндай шаралар міндетті түрде жалғасын табуы керек» деген пікір айтты.
Кен көлемде ұйымдастырылған ғылыми конференцияға мұражай қызметкерлерінен бастап, тарихшылар, саясаткерлер, зиялы қауым өкілдері көптеп қатысты. Олар Ұлттық мүддеге қатысты өз ойларын ортаға салды. «Алаш» сөзінің өзі «бауырлас», «қандас», «туыстас» деген түрік сөздерінен шыққан екен. Ендеше, ел бірлігі аса манызды болып тұрған көп ұлтты Қазақстан үшінде Алаш идеясының дәл бүгінгі күні құндылығы бір мысқал кеміген жоқ, керісінше, өміршеңдігін дәлелдей түсуде.
«Ақ жол» партиясы Ақтөбе облыстық филиалының төрағасы Асқар Садықов әз ой-пікірлерін нақты дәлелдермен, зерттеулермен ортаға салып, «Алаш» қайраткерлерінің халық үшін, ұлт үшін атқарған кызметтерін зерделеп берген тарихшыларға алғысын айтып, еңбектеріне табыс тіледі. Конференция барысында Мәскеуден атақты тарихшы Дина Аманжолова онлайн арқылы конференцияға қатысушылармен байланысқа шықты. Дина Ахметжанқызы осындай маңызды шараны ұйымдастыруға мұрындық болған «Ақ жол» партиясының белсенді мүшелеріне ризашылығын білдірді.
Осыдан жүз жыл бұрын «Алаш» қайраткерлері елдегі барлық игілік Қазақ мемлекетіне қызмет ету керек деп кеткен еді. Отырыста бас қосқан зиялылар: «Осы идеяны казіргі ел басқарып жүрген шенеуніктер жүзеге асыра білсе, нұр үстіне нұр болар еді» деді. Алаштықтар айтып кеткен Ұлттық идея туралы құнды пікірлер Елбасының «Мәңгілік ел» бағдарламасына сай келетінін де атап өтті конференцияға катысушылар.
Сонымен қатар, бірқатар тарихшылар қазіргі кезде «Алаш» қайраткерлері айтып кеткен кұндылықтарға кереғар келетін әрекеттер орын алып жатқанын да жасырмады. Тіпті, қазіргі мектеп оқушылары пайдаланып жүрген оқулықтар да ұлттық мүддеге сай келмейді деген пікірлерін білдірді. Ұлттық құндылықтар білім беру бағдарламасына енгізілмеген. Ұлттық педагогика деген сабақ оқыту бағдарламасынан орын алуға тиісті дегенді алға тартты. Ақтөбе облыстық өлкетану мұражайы қызметкерлері «Алаш» партиясына мүше болған аймақтағы 154 адамның тізімін жасапты. Енді олардың әрқайсының өмірбаяны туралы деректер жинастырылып, көпшілік игілігіне ұсынылатын болады
«Алаш» идеясын зерттеп жүрген белгілі тарихшылар мен жас ғалымдар бас қосқан ғылыми конференцияның табысты өтуіне «Ақ жол» партиясы Ақтөбе қалалық бөлімінің төрағасы Мұхтар Әбілқайыров пен осы бөлімнің, үйлестірушісі Жанболат Жұбановтардың белсенділігін атай кеткеніміз жөн. «Алаш» қозғалысы қайрат керлерінің идеяларын насихаттау жұмыстары аймақта одан әрі жалғасын табатын болады.
Дерекнама - Казак унi (Алматы), № 12 (671), 31.03.2015