2022 жылдың 17 ақпаны күні Қызылорда облысына іс-сапармен келген ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, «Ақ жол» ҚДП фракциясының мүшелері Берік Дүйсенбинов пен Ерлік Өмірғали, «Ақ жол» ҚДП Қызылорда облыстық филиалының төрағасы, облыстық мәслихат депутаты Жорабек Прманов, партиядан сайланған Қызылорда қалалық мәслихатының депутаты Ғибрат Байсейтов, облыстық филиал заңгері Нұрлыбек Амангелдиевтер қаңтар оқиғасына байланысты күдікті деп танылып, тергеу изоляторында қамауда отырған азаматтармен және олардың заңды өкілдері- ата-аналары, жұбайлары және туған-туыстарымен кездесті.
Жеке қабылдауға келген азаматтар қаңтар оқиғасына қатысы бар деген күдікпен ұсталып, тергеу изоляторында қамауда жатқан азаматтарға құқық қорғау қызметкерлері тарапынан жасамаған қылмыстарын мойындарына алып, күәлік еткізу үшін түрлі қысымшылық көрсетіп, денсаулықтарына аса зиян келтіретін дене жарақаттарын түсіргені туралы түрлі дәлелдерді көрсетті.
Сонымен қатар, олардың құқығын қорғау үшін мемлекет тарапынан берілетін адвокаттар істі қарамағына алғанымен, оны мүлдем жүргізбейтінін, яғни қорғаушыларын қорғауға мүдделік танытпайтындығын жеткізді. Ал, ақылы адвокаттар осы қарбаласты пайдаланып, қызмет ақыларын қымбат белгілеп жатқандағын жеткізді. Күділіктердің және олардың заңды өкілдерінің (туған туысқандарының) дені жұмыссыз және әлеуметтік аз қамтылған отбасы мүшелері екендігін ескеретін болсақ, ақылы адвокаттарды жалдауға олардың қалталары көтермейді.
Сондай-ақ, депутаттармен бірге жеке қабылдауға қатысқан ҚР азаптауды алдын-алу жөніндегі ұлттық алдын-алу тетігінің қатысушылары тобының Қызылорда облысы бойынша жетекшісі С.Тенизбаев тергеу изоляторында қамауда жатқан азаматтарға қатысты полиция қызметкерлері тарапынан ұрып-соғу фактілерінің орын алғандығын растады.
Жеке қабылдауға келген азаматтардың арыз-шағымдарымен танысққаннан кейін, депутаттар Қызылорда облыстық прокуратурасының өкілдерімен де кездесті. Қызылорда облыстық прокурорының орынбасары Д.Катаев, Қылмыстық қудалау басқармасының басшысы Б.Нурмағамбетов және арнайы прокурорлар басқармасының басшысы А.Алимбаев тергеу изоляторында қамауда отырған күдіктілер бойынша және құқық қорғау органдарымен жүргізіліп жатқан жұмыстар жөнінде түсініктеме берді.
Қызылорда облыстық прокуратурасы өкілдерінің мәлімдемесіне сәйкес күдікті деп ұсталған азаматтарды ұрып-соғу және олардың денсаулықтарына зиян келтіру деректері бойынша қазіргі таңда полиция қызметкерлеріне қатысты 13 қылмыстық іс қозғалған.
Сондай-ақ, бұл жиынға Қызылорда қаласының адвокаттар коллегиясының адвокаттары да қатысты. Келген адвокаттардың уәждеріне сәйкес қылмыстық қудалау кезінде құқық қорғау органы тарапынан күдікті деп ұсталған азаматтарды кінәлары толық дәлелденбеген қылмыстық істер сотқа жолданумен қатар, сотпен біржақты қаралып, түрлі заңсыздықтарға жол беріліп жатқандығы айтылды. Сонымен қатар, күдікті азаматтарға қатысты бұлтартпа шарасын өзгерту мүмкіндіктерін қолдану құқығы шектеліп жатқандығы да айтылды.
Депутаттар тарапыпан жеке қабылдауда болған азаматтардың арыз-шағымдары жинақталып, ҚР Бас прокурорының қарауына ұсынылатындығын және азаматтардың заңды құқықтарының қорғалатындығы түсіндірілді.
Сондай ақ ең алғашқы шабуылды қабылдаған Қызылорда қалалық полиция басқармасының басшылары мен жеке құрамымен де кездесу өтті.