09
Мамыр

Майдангерлер рухына тағзым етіліп, Мәңгілік алауға гүл шоқтары қойылды

9 мамыр 2025 жыл, Жамбыл облыстық филиалы

Жеңіс күні – Ұлы Отан соғысындағы жауынгерлер мен тыл ардагерлерінің ерлік пен өрлігін дәріптеген өнегелі күн.

Биыл Жеңістің – 80, Кеңес Одағының батыры Бауыржан Момышұлының 115 жылдығы. Айтулы даталардың қатар келуі бұл күннің маңызын арттыра түскендей.

9 мамыр – Жеңіс күнінде Тараз қаласындағы Жеңіс саябағына қарай ағылған жамбылдықтардың қарасы көп болды. Жеңістің 80 жылдығына арналған салтанатты іс-шара батыр Бауыржан Момышұлының ескерткішінің алдындағы Мәңгілік алауға гүл шоқтарып қою рәсімінен басталды.

Кешегі майдангерлердің өр рухына тағым еткен өңір басшысы бастаған жамбылдықтармен бірге «Ақ жол» ҚДП Жамбыл облыстық филиалы төрағасының орынбасары Сейсекүл Әбдісаттарова, партия атынан сайланған Тараз қалалық мәслихатының депутаттары Руслан Мырқалықов, Бауыржан Найзақұлов гүл шоқтарын қойды. Көпшілік қан майданда қаза болған боздақтарды бір минут үнсіздікпен еске алды.

Бұдан соң мерекелік салтанат Бауыржан Момышұлы атындағы музейдің ашылу салтанатына жалғасты.

Бұл – майдангерлердің рухына деген мәңгі құрметтің белгісі. Отан үшін от кешкен ардагерлеріміз қашан да ардақты. Ұлы Жеңіс мерекесі қарсаңында қарт майдангерлер мен тыл ардагерлеріне ерекше көңіл бөлінетіні, қолдау мен құрмет көрсетілетіні де, сондықтан. Әрі қарай да солай жалғаса беретіні сөзсіз. Себебі, сол қан майданда ел мен жерді қорғаған жауынгерлер біздің аталарымыз.