22 қазан 2025 жыл, Жамбыл облыстық филиалы
Жамбыл облыстық мәслихатының тұрақты комиссиясының отырысында сессияға
ұсынылған мәселелер кеңінен талқыланды.
Ал кезектен тыс өткен 27-сессияда өңірдің орман қоры учаскелерінде
ормандарды пайдаланудың кейбір төлемдері үшін төлемақы мөлшері бекітілді.
Сондай-ақ Тараз қаласындағы қауіпсіздікті және қауіпсіз жол қозғалысы туралы
мәселе қаралып, мәслихат шешімдеріне өзгерістер енгізілді.
Жалпы төрт мәселе қаралған сессия отырысында депутаттар қызу талқыға салып,
пікір білдірген проблемалар бар. Мұқанбетәлі Жеңісұлы арнайы хабарлама жасап,
алға тартқан түйткілдердің бірі мынадай: Өңірде ауыл шаруашылығы саласында
мемлекеттік субсидияларды төлеу мәселесіне қатысты бірқатар қиындықтар орын
алып отыр. Шаруалар мен кәсіпкерлер тарапынан субсидиялардың уақытылы
төленбеуіне байланысты көптеген өтініштер мен шағымдар түсуде. Бұл жағдай ауыл
шаруашылығы өндірісінің тұрақтылығына және егіншілік пен мал шаруашылығындағы
маусымдық жұмыстардың қарқынына кері әсерін тигізуде.
«Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметтеріне сүйенсек, биыл
саланы субсидиялауға 29 млрд 226 млн 899 мың теңге қарастырылған, алайда оның
14 млрд 977 млн 559 мың теңгесі өткен жылғы берешекті өтеуге жұмсалған. Бұл өз
кезегінде, жыл соңына дейін субсидиялау міндеттемелерін толық орындау
мүмкіндіктеріне шектеу болып отыр. Ауыл шаруашылығын қолдау және мемлекеттік
субсидияларды толық әрі уақытылы төлеу үшін тиісті қаржы көздерін қарастыру
қажет», - дейді Мұқанбетәлі Шалқарбеков.
Бұл шешім ауыл шаруашылығы өндірушілерінің қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз
етіп, өңіріміздің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға және аграрлық сектордың
дамуына оң әсер етеді.



