25 қыркүйек 2025 жыл, Жамбыл облыстық филиалы
«Ақ жол» ҚДП Жамбыл облыстық филиалы, облыстық
мәслихаттың тұрақты комиссиясының төрағасы Мұқанбетәлі Шалқарбеков комиссияның
кезекті отырысын өткізді.
Облыстық мәслихаттың экология, өнеркәсіп, құрылыс, табиғи ресурстар,
агроөнеркәсіпті және кәсіпкерлікті
дамыту мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның жұмыс жоспарына сәйкес өткен
кезекті отырыста «Облыста ветеринариялық-санитарлық қауіпсіздікті қамтамасыз
ету жағдайы және жан-жануарлар арасында инфекциялық және инвазиялық ауруларының
таратылуының алдын алу жөнінде атқарылып жатқан жұмыстар туралы» мәселе
қаралды.
Комиссия отырысында комиссия мүшелері, облыс әкімдігінің ветеринария
басқармасының басшысы, ҚР АШМ Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің
Жамбыл облыстық аумақтық инспекциясының басшысы, Жуалы, Т.Рысқұлов, Қордай,
Талас аудандарының әкімдерінің орынбасарлары, аудандық ветеринариялық бөлім
басшылары қатысты.
«Ақ жол» ҚДП Жамбыл облыстық филиалы, облыстық мәслихаттың тұрақты
комиссиясының төрағасы Мұқанбетәлі Шалқарбеков аймақтағы
ветеринариялық-санитарлық қауіпсіздікті сақтау мәселесінде жан-жануарлар арқылы
таралатын жұқпалы індеттердің алдын алу қажеттігін еске салды.
Сондай-ақ төрт түлік малды бірдейлендіру, қаңғыбас ит және мысықтарды аулау
шаралары бақылауда болуы керектігін алға тартты.
Жиында депутаттар Беккер шұңқыры жобаларының құнының әртүрлі болуы мәселені көтерді.
Беккер – бетон шұңқырлар. Оған мал өлекселерін тастайды, өлік сонда шіріп
жатады. Егер су басса, не қорғаны бұзылса, қауіп сонда туындайды. Депутаттардың
қауіп айтып отырғаны осыдан.
«Комиссия отырысы барысында назарға ұсынылған негізгі мәселелер бойынша
тиісті мемлекеттік органдарға депутаттық сауалдар жолданатын болады. Ал
қабылданған қаулы тиісті шаралар қабылдау үшін аудан әкімдеріне, облыс
әкімдігінің басқармалары мен тиісті мемлекеттік органдарға жіберілетін болады»,
- дейді Мұқанбетәлі Жеңісұлы.


