07
Тамыз

Мұқанбетәлі Шалқарбеков Қордай ауданындағы медициналық мекемелердің жұмысын зерделеді

7 тамыз 2025 жыл, Жамбыл облыстық филиалы

Жамбыл облыстық мәслихатының кезекті сессиясында өңірдегі медициналық ұйымдардың жұмысы қаралады. Осыған байланысты депутаттардан құрылған топ емдеу мекемелеріндегі бюджет қаржысының игерілуі, материалдық жабдықталуы, ем-шара процесі, тағы да басқа мәселелерге зерделеу жүргізуде.

Зерделеу жұмыстары Қордай ауданында жалғасуда. Депутаттар алдымен Қордай аудандық орталық ауруханаға барып, жұмысымен танысты.

Мәліметке сүйенсек, ауруханаға жалпы құны 94 миллион теңгеден асатын жаңа медициналық құрылғылар сатып алынуда екен. Жыл соңына дейін ауруханаға: өкпені инвазиясыз желдететін CPAP аппараттары, жаңа туған нәрестелерге арналған ашық реанимациялық жүйелер, фототерапия құрылғылары, планшетті ультрадыбыстық диагностикалық аппараттар және өзге де маңызды медициналық құралдар жеткізілмек.

Ал медицина мамандарының біліктілігін арттыру бағытында 31 медицина қызметкері кәсіби оқытудан өтіпті. Басым көпшілігі педиаторлар, неонотолог, реабилитолог, акушер-гинеколог, сонымен қатар жұқпалы аурулар бойынша 7 мейірбике оқу курстарында білімін жетілдірген.

Бұдан соң депутаттар аудандық аурухана  базасында «Salayatty jastar» жастар денсаулық орталығына барды.

Жастар денсаулық орталығында репродуктивті және психикалық денсаулық мәселелері бойынша кәмелетке толмағандарға (10-18 жас) және жасөспірімдерге (18-29 жас) медициналық-профилактикалық көмек, сондай-ақ психоәлеуметтік және құқықтық қолдау көрсетеді.

Мұқанбетәлі Жеңісұлы ауруханада көрсетілетін медициналық қызметтің сапасын арттыру, дәрігерлік тексеруден өтуде қалыптасатын кезек мәселесін, тұрғындардың шағымы мен өтініштері бойынша жұмыс жүргізу керектігін еске салды.