26
Қыркүйек

Мұқанбетәлі Шалқарбеков сессия отырысына қатысты

26 қыркүйек 2025 жыл, Жамбыл облыстық филиалы

«Ақ жол» ҚДП Жамбыл облыстық филиалы, облыстық мәслихаттың тұрақты комиссиясының төрағасы Мұқанбетәлі Шалқарбеков сессия отырысына қатысты.

Сегізінші шақырылған Жамбыл облыстық мәслихатының кезекті, жиырма алтыншы сессиясында өңір басшысы Ербол Қарашөкеев жүктелген міндеттердің орындалуы туралы есеп берді. Аймақтың әлеуметтік-экономикалық жағдайына, жетістіктері мен проблемалық тұстарына тоқталды.

Бұдан соң сессияның күн тәртібіне сәйкес облыс әкімінің орынбасары Айгүл Есмағамбетова 2026 жылға дейінгі ұлттық тұжырымдаманың Жамбыл облысында жүзеге асырылу барысын баяндаса, облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ләззат Отарбай тұрғындардың жекелеген санаттарына амбулаториялық көмек кезінде дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымдарды жеңілдікпен беру мәселесін қозғады.

«Сонымен қатар сессияда облыстық мәслихаттың тұрақты комиссияларының жұмысы қаралды. Бірқатар бастамалар мен ұсыныстар талқыланды. Бірмандаттық сайлау округтері бойынша Мәжіліс және мәслихат депутаттарын сайлау жөніндегі округтік сайлау комиссияларындағы бос орындарды қалыптастыру мәселесі көтеріліп, қажетті өзгерістер енгізілді», - деді Мұқанбетәлі Жеңісұлы сайлау процесі және еліміздегі саяси реформаларға қатысты «Ақ жол» Демпартиясының ұстанымдарына тоқтала отырып.

Сессияның күн тәртібінде табиғи ресурстар мен жер қатынастарына қатысты бірнеше мәселе болды. Оның ішінде су пайдалану қағидаларын бекіту, ескі шешімдердің күшін жою, жер комиссиясының ережелеріне өзгерістер енгізу қаралды. Жиында көтерілген мәселелерге қатысты депутаттар ұсыныстарын айтып, кейбір тақырыптар бойынша қосымша бақылау жүргізу қажеттігін атап өтті.