25
Шілде

Мұқанбетәлі Шалқарбеков және Дәурен Ахметжаев жұмысшы топпен бірге емдеу мекемелеріне зерделеу жұмыстарын жүргізді

25 шілде 2025 жыл, Жамбыл облыстық филиалы

Жамбыл облыстық мәслихаты депутаттарынан құрылған топ зерделеу жұмыстары Тараз қалалық көпбейінді ауруханадан бастаған болатын. Бас дәрігер Хамит Мурзақасымов ауруханының жай-күйін айтып өтіп, жұмыс процесімен таныстырды.

Бұдан кейін депутаттар тобы Жамбыл облыстық жұқпалы аурулар ауруханасына, «Үміт» мамандандырылған бөбектер үйіне барды.

Үш күнге созылған зерделеу жұмыстары «JANUIA medical center» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне қарасты № 2 қалалық емханасында, облыстық көпбейінді онкология және хирургия орталығында жалғасты.

Зерделеу жұмыстарының барысында депутаттар тұрғындардың денсаулығын қорғау үшін профилактикалық жұмыстардың маңызды екеніне назар аударды. «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деген қағиданы алға тартып, ұлттық тізбеге сәйкес, екпе алу, тұрғындарды скрингтік тексерулерден өткізудің қалай жүріп жатқанын сұрады.

№ 2 қалалық емханасының бас дәрігері Бота Болатқызы шаһарда бой көтерген №15 шағын ауданда тұрғындар санының көбеюіне байланысты емханаларда жүктеме артқанын, екпе алу мәселесінде қиындықтар барын айтты.

Мұқанбетәлі Жеңісұлы айтылған проблемаға баса назар аударып, бұл ретте мамандардың тұрғындармен жиі түсіндіру жұмыстарын жүргізуі қажет екенін атап өтті.