Мүгедек жігіт «Ақ жолдан» көмек күтіп отыр - 'Қазақ үні' газеті
Казак yнi (Алматы), № 10 (619), 11.03.2014
«Ақжол» ҚЦП Ақтөбе облыстық филиалының бастығы Асқар Садықовтың атына құрт ауруына шалдығып, еш жерден нақты көмек ала алмаған жігіттің арыз хаты түсті. Ақтөбеге ат басын тіреген Парламент депутаты Нұрлан Жазылбеков те осы арызбен таныс болған еді. Халық қалаулысы дімкәс балаға қамқорлық көрсетудің орнына кейбір жауапты мекеме басшыларының өз ісіне салғырттықпен қарап отырғанын айтты. Сондықтан «Ақ жол» партиясы фракциясының депутаты науқастың арызы Денсаулық сақтау министрлігі мен Бас прокуратураға жолданатынын жеткізді. Мән-жайды тарқатсақ, 20 жастағы Әмірше Орынбасаров 2007 жылы өкпе ауруына шалдығады. Құрт ауырумен бірге ол қант диабеті ауруының ауыр түрімен де ауырады. Айналаға қауіп төндіретін қатерлі аурумен ауыратын баланы дәрігерлер ауруханаға дер кезінде жатқызбаған. Науқас жігіттің қорғаушысы Сәт Бектұрсынов: «Арнайы мемлекетте мүгедекті оңалту бағдарламасы бар. Кез-келген науқас осы бағдарлама арқылы ем қабылдаса жазылып кету мүмкіндігі көп. Қазір екі екпесі де кетіп қалған жігітті ауруханаға жатқызбай жатыр» дейді. Атыраудан көшіп келген Әмірше Орынбасаров бала кезден мүгедек. Бірақ қант диабетінің ең ауыр гүрімен ауырса да оған тегін берілетін қант мөлшерін түсіруге арналған белбеу берілмеген. Ол отбасымен пәтер жалдап тұрады. Екі бірдей қатерлі дертке шалдыққан балаға бар-жоғы екінші топтағы мүгедектік статусы беріліпті. Ал «Ақтөбе облыстық бақылау және әлеуметтік қорғау департаменті» ММ басшылары: «Ілеспелі диагноз көрсетілмей қалған құжаттарда, компьютерде аурудың бұл түрі қарастырылмаған, ауруды біріктіріп көрсету мүмкін емес», - деген жауап қана берген екен. Демек, осындай шикі құжаттың кесірінен жағдайы күн санап ауырлап бара жатқан жас жігіт әлеуметтік көмектің біраз түрінен қағылып отыр. Туберкулезге шалдыққан бір науқасты ғана толық емдеуге 10-15 млн. теңге қаражат бөлінеді екен. Бірақ, құжат рәсімдеу машақатына тап болатын науқастардың емделуіне мүмкіндік жоқ. Науқас баланың туыстары туберкулездің ашық түрімен ауыратын, жағдайы нашар балаға үй берілуі тиіс деп есептейді. Билік басындағылардың есеп-қисабында көрсетілетін құрт ауруының емі болғанымен, ем алудың да оңайға түспейтіндігін дәлелдейтін бүл бір ғана мысал. Ал осы баланың жағдайымен танысқан Парламент депутаты Нұрлан Жазылбеков: «Бір жерде жауапты мекемелер құжат дайындауда қателіктерге бой ұрып, жасанды құжат дайындаған сияқты. Барлығын да тексереміз, әділдікке көз жеткіземіз», - деп қамкөңіл жандардың көңіліне үміт ұялатқан еді. Дегенмен, дімкәс баланың туыстары науқастың жағдайы күн сайын нашарлап бара жатқанын айтып отыр.