Семейдегі салихалы жиын
2015 жылдың 9 ақпаны, «Ақ жол» ҚДП Семей қалалық филиалы
Ақпан айының алтыншы жұлдызында Семей қаласында, Ақжол партиясының бастауымен, «Алаш» зиялыларының ел тарихындағы ерен еңбегін насихаттау мақсатымен жиын ұйымдастырылды.
Жиынға қаланың зиялы қауым өкілдері, мемлекеттік қызметкерлер, қала тұрғындары қатысты. Партия тарапынан Ақжол партиясы Төрағасының кеңесшісі Рысбекұлы Айдын, Ақжол партиясының ШҚО филиалы төрағасының орынбасары Бүркіт Сұлтанов, облыстық кеңестің мүшесі Рахат Алтай, Семей қалалық Ақжол партиясының директоры Ермек Серікбаев және т.б. қалалық партия мүшелері қатысты. Барлығы 73 адам.
Әңгімеге арқау болған Ақжол партиясының жақында қабылданған 5 жылдық бағдарламасы. Осы бағдарлама аясында Алаш партиясының ардақтыларын қарапайым жұртшылыққа таныту, олардың ел тарихындағы алар орнын айту көзделген.
Жиналыс барысында бағдарламаға қандай жаңалықтар мен өзгертулер енгізуге болатындығы жайында қала азаматтарының бір қатар ой пікірлері тыңдалды. Азаматтардың алға тартқан мәселелері анамастика, демография, көші-қон сияқты халық көкейінде жүрген, әбден пісіп, иі қанған мәселелер десек те артық болмас.
Тақырыптар талқыланып, әр сұрақтың жілігін шағып, майын ішкен жұртшылық, Алаш зиялыларын еске алуға арналған қонақ асына шақырылды. Қайтыс болғандардың рухына рахым етуді сұрап дұға қылып, тартылған астан ауыз тиіп, жиналғандар тарқасты.
«Арыстарымыз армандап өткен, азаттығымыздың, көк байрағы желбіреген осы бір кезде, ұлт болашағы үшін аянбай тер төккен, өскелең ұрпақ үшін өшпес із, асқақ идея қалдырған аталарымыздың тастап кеткен мирасын жалғастыру біздің тікелей борышымыз»-, деп есептейтін Ақжол партиясының бастамасына Семейліктер ризашылығын білдірді .
Дайындаған: Ералы Қанафия