«Ақ жол»: ТЖМ Алматыда болған жер сілкінісі туралы уақытысында хабардар ете алмағаны үшін өзінің кінәсін мобильді байланыс операторларына негізсіз аудара салуға тырысуда
30 қаңтар 2013 жыл, Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық партиясының баспа қызметі
ТЖМ Алматыда болған жер сілкінісі туралы уақытысында хабардар ете алмағаны үшін өзінің кінәсін мобильді байланыс операторларына негізсіз аудара салуға тырысуда - деп мәлімдеді Алмас Тұртаев Премьер-Министр С.Ахметовтің атына фракцияның депутаттық сауалында.
Сауалға а.ж. 28 қаңтарынан 29-на қараған түні Алматыда болған жер сілкінісінде ТЖМ қызметтерінің іс жүзіндегі әрекетсіздігі негіз болған. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, төтенше жағдайлар саласындағы уәкілетті орган табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайларды ескертулер бойынша: зiлзала және апаттар қауіп-қатерлері туралы хабардар ету, төтенше жағдайлар саласын насихаттау, халықты сауаттандыру және мамандарды оқытып-үйрету, қорғану шараларын жүргізеді.
ТЖМ басшылығының мәлімдемесіне сәйкес жер сілкінісі жөнінде қажетті ақпарат теле- радиокомпаниялары арқылы уақытысында хабарланған. «Жекелеген операторлардың төлемақы сұрауларына байланысты SMS хабарламалар бойынша бізде қиындықтар туындайды» - деп атап көрсетті министр.
Алайда, мобильді байланыс операторлары Kcell АҚ-ның, Tele2 Kazahkstan, Алтел және Кар-Тел ЖШС-нің өкілдері Министрлік тарапынан ешқандай ұсыныс болмағанын, болған күнде ақысыз қызмет көрсетуге әзір екендіктерін айтты.
Сонымен қатар, азаматтардан түскен мәліметтер бойынша, тұрғындарды теледидар арқылы ақпараттандыру жер сілкінісінен кейін 2 сағаттан соң ғана жүргізілген. Практика көрсеткендей, мемлекеттік органдардың арасында тұрғындарды төтенше жағдайлар туралы уақытысында хабарландыру бойынша өзара әрекеттестік тетігі жоқ.
«Осындай, бірқатар жер асты дүмпулері туралы қандайда бір ресми органдардан ешбір ақпараттың болмауы Алматы тұрғындарының көңіл-күйлеріне үрей тудырып, дүрбелеңге салды. Заттары мен құжаттарын алып далаға шыққан көптеген отбасы өздерінің үйлеріне қайта оралуға қорықса, кейбір алматылықтар автокөліктерімен қала сыртына шығып кеткен» - деп атап көрсетті депутат.
Жақында ғана Парламентте ТЖМ «Азаматтық қорғау туралы» заң жобасымен таныстырғаны белгілі, оның ішінде ТЖ-ға байланысты әртүрлі қажеттіліктерге: дауыс ұлғайтқыштарды алуды, арнайы қызмет құру тағы басқаларға да қаржы бөлу қарастырылған. Бұл ретте, заң жобасында тұрғындарды тұрақты оқытып-үйрету, заманауи байланыс құралдарымен хабардар ету, мемлекеттік органдардың нақты өзара іс-қимылын ұйымдастыру нормалары жоқ.
Заң жобасының таныстырылуы кезінде «Ақ жол» ҚДП фракциясы осы кемшіліктерді атап көрсетті және оны тұжырымдамалық тұрғыдан қайта өңдеуді талап етті.
«Ақ жол» депутаттық фракциясы уәкілетті мемлекеттік органға жұмысты тек материалдық ресурстарды қайта бөлуге тірей бермей, профилактикалық және ескерту-сақтандыру шараларына аса көңіл бөлулері тиіс деп есептейді.
«Ақ жол» ҚДП Парламенттік фракциясы өзінің сайлаушыларының мүдделерін қорғау бойынша жұмыстарын жалғастыра береді.